×
443.37
474.49
4.83
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.37
474.49
4.83

Қазақстанда болған ұлтаралық сипаттағы ірі қақтығыстар

28.10.2021, 16:47
Карикатура: Ғалым Смағұлұлы

1991 жылы тәуелсіздік алғалы Қазақстанда ұлтаралық сипаттағы ірі қақтығыстар, шулы қантөгістер болды. Соның салдарынан ондаған адам көз жұмып, одан көбі сотталып, ауа көшу жағдайлары да тіркелді. ...Кейінгі жылдары осындай қайғылы жайттың жиілей бастағаны байқалады. Осы ретте Ulysmedia.kz порталы кейінгі 30 жылда елде тіркелген ірі қақтығыстардың тарихына үңіліп көрді.

ӨСКЕМЕН. 1992 ЖЫЛ

1992 жылы 15-17 қазан аралығында Өскеменде қазақтар орталық алаңға наразылыққа шықты. Жергілікті халықтың ашуын шешендердің қазақтың 4 жігітін бауыздап өлтіруі себеп болған. 15 қазан күні милиция қызметкерлері мәйіттерді (төртеуі Өскемен арматур зауытында жұмыс істеген) жатақханадан тапқан болатын. Күдік олармен аз ғана бұрын бірге арақ ішкен шешендерге түседі. Ашулы қазақтар сол күні-ақ митингке шығып, 17 қазан күні жиынның соңы үлкен шеруге ұласты. Мыңдаған адам шешендер шоғырланған Овечий Ключ кентіне бара жатқан жерінде оларды ішкі әскер мен полиция наряды тоқтатқан.

Митингке жиналған адамдардың қысымымен жағдайды ушықтырмау үшін Өскеменнің облыстық кеңесі шешендерді облыстан көшіру туралы шешім қабылдады. Алайда Қазақстан Жоғарғы кеңесінің президиумы бұл қаулыны мақұлдаған жоқ. Әйтсе де жүздеген шешен отбасы қазақтардан кешірім сұрап, көшіп кетуге мәжбүр болды.

ЫНТЫМАҚ. 2006 ЖЫЛ

2006 жылдың 20 тамызында Ақтаудағы «Ынтымақ» орталық алаңында «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының жұмысшылары санкцияланбаған митингке шықты. Олар әу баста айлық еңбекақыны көтеруді талап еткен. Алғашында митингке 10-15 адам шыққанымен, келесі күні наразы топтың қатары көбейіп, 400-ден 1000 адамға дейін жетті. Бірте-бірте айлықты көтеру туралы ұран кавказдықтарға қарсы ашу-ызаға жалғасып, бүлік басталды. Сол оқиғада кісі өлімі тіркелгені немесе тіркелмегені туралы ақпарат жоқ. Алайда БАҚ таратқан ақпаратқа сәйкес, лезгиндерге, шешендер мен әзербайжандарға тиесілі бірнеше мейрамхана мен дүкен қиратылды.

ТЕҢІЗ. 2006 ЖЫЛ

Атырау облысы Теңіз кен орнында 2006 жылдың қазанында тіркелген оқиғаға екі жағдайдың себеп болғаны айтылады: біріншіден, куәгерлердің айтуынша, қақтығыс түрік жұмысшысы мен ұлты қазақ өрт сөндірушінің арасындағы кикілжіңнен басталған. Өрт сөндіруші шетелдік экспаттан қағазға қол қоюды сұраған көрінеді. Екінші нұсқаға сәйкес, түрік мұнайшылары асханада ұлты қазақ жұмысшыға дөрекілік танытқан. Жаппай төбелеске 500-ге тарта адам қатысып, ызалы топ түріктің арнайы техникалары мен вагондарын, автокөліктері мен кеңселерін өртеп жіберді.

Ресми дерекке сәйкес, оқиға кезінде түріктің 339 азаматы зардап шекті. Олардың 136-ы ауыр жарақат алған. Ал шетелдік БАҚ осы оқиға кезінде 40-қа тарта адамның өлгенін жазды.

Теңіздегі қақтығыстан кейін Үндістан, Түркия, Филиппиннен келген 4 мыңға тарта жұмысшы эвакуацияланды. Ал екінші буынды зауыттың құрылысын жарты жылға шегеруге тура келді.

Карта timeskz порталынан аударылды

ШЕЛЕК. 2006 ЖЫЛ

2006 жылдың қараша айында Алматы облысының Шелек ауылында жастар «Старый замок» атты дәмханада сөзге келіп, ұлты ұйғыр бірнеше азамат өзімен шамалас ұлты қазақ жігітті сабап тастады. Осы төбелестен кейін масайған олар «ел біздікі, жер біздікі» деген экстремистік ұранмен көшеде айғай-шу көтерген. Бұл жаңалық бүкіл ауылға тарап, қазақтар мен ұйғырлар арасында басқа жанжалдар сол күні-ақ тіркеле бастайды. Келесі күні қақтығысқа қатысқандардың саны 300 адамнан асты. Ауылға полицияның күшейтілген отряды келіп, комендант сағаты орнатылғаннан кейін ғана жағдай бақылауға алынды.

Бүгін де бұл оқиға салдарынан қанша адамның зардап шегіп, қайтыс болғаны туралы ақпарат жоқ. Жергілікті билік қақтығысқа «тұрмыстық жанжал» деп баға беруге тырысты.

МАЛОВОДНЫЙ. 2007 ЖЫЛ.

Ұлтаралық қақтығыстың тағы бірі 2007 жылы қазақтар мен шешендер арасында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қазатком ауылында болды. Жанжал «Ботагөз» бильярдындағы төбелестен басталды. Одан бильядтың иесі М.Мухамад (шешен) атты азамат зардап шегеді. Ол үшін кек алмақ болған ағасы төбелескен С.Бекжанды тауып, оны көлікпен қағып кеткен. С.Бекжанның аяғы сынған.

Келесі күні шешендер отбасының үйінің маңында қазақтар жинала бастайды. Олармен келіссөзге қаруланған шешеннің ағайынды үш жігіті шыққан. Кенет басталған қақтығыс кезінде қарудан оқ атылып, қан төгіледі. Ашулы топ шешендерді сабап, олардың үйі мен көлігін өртеп жіберген.

Қақтығыс мұнымен тоқтамай, наразы топ оқиға болған бильядрты, оған қоса шешендердің базардағы сауда нүктелерін қиратқан. Қақтығысты құзырлы органдар тек ішкі әскер мен күшейтілген наряд арқылы ғана тоқтатты. Тінту барысында шешендердің үйінен қарудың толық арсеналы табылған.

Оқиға салдарынан екі қазақ пен жеті шешен қайтыс болған. Шешендерді қолдауға келе жатқан автобус толы адамдарды «Бүркіт» тоқтатпағанда көз жұмғандар саны тіпті көп болар еді.

Маловодноедағы жанжалдың салдарынан үш адам сотталды. Екеуі шартты түрде жаза алды. Алматы облысындағы жағдайды естіген Мәскеудегі шешен диаспорасы қазақтармен жанжалдасып, сондағы студенттер арасында төбелес болған.

МАЯТАС. 2007 ЖЫЛ

Маятастағы оқиға 2007 жылдың 1 қарашасында тіркелген. Қазіргі Түркістан облысында жергілікті полицияға ұлты қазақ азамат келіп, оның 4 жасар ұлын ұлты күрт біреудің зорлағанын мәлім еткен. Осыдан кейін жергілікті қазақтар шұғыл ұйымдасып, үш күн бойы күрттерге аңдыған.

Маятаста төрт үй өртеліп, этникалық күрттер үйін тастап, облыс орталығына қашқан. Жанжал тіпті облыс аумағынан тыс өңірге – Жамбыл облысына да ұласқан.

Ақыры полиция «зорлау» бабы бойынша 16 жастағы жасөспірімге айып тақты. Ал бүлікке араласты деген айыппен 18 күдікті ұсталып, оның жетеуі қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

БУРЫЛ. 2015 ЖЫЛ

2015 жылдың 15 ақпанында Жамбыл облысының Бурыл ауылында бес жасар баланың мәйіті табылды. Оны белгісіз біреудің 11 рет пышақтағаны анықталған. Күдік бірден он сегіз жастағы Кавазоглы атты түрікке түседі. Мұның арты қазақтардың ашуын туғызып, ірі қақтығысқа апарып соққан. Оны басу үшін «Оңтүстік» аймақтық командалық округтың әскері көтерілген.

Толқу барысында кісі өлімі тіркелген жоқ. Ал Кавазоглы 12 жылға бас бостандығынан айырылды.

ҚАРАҒАНДЫ. 2018 ЖЫЛ

Жаңа жыл қарсаңында «Древний Рим» дәмханасында масайған меймандар тобы мен мекеме қызметкерлері арасында төбелес болады. Сайысқа түрлі ұлт өкілдері (қазақтар, әзірбайжандар, армяндар) қатысып, олардың бірнешеуі пышақ жарақатын алып, біреуі қаза тапқан. Қаза болған қазақ, қожайындары армяндар болғандықтан, қалада армяндарға қарсы толқу басталады. Толқу бірнеше күнге созылған.

МАСАНЧИ. 2020 ЖЫЛ

2020 жылдың 7 ақпанында Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Масанчи ауылында және көршілес елді мекендерде қазақтар мен дүңгендер арасында ұлтаралық қақтығыс орын алды. Қақтығыстың басталуына 5 ақпан күні Қаракемер ауылының тұрғындары Құдашбаевтар отбасының өкілдері — 76 жасар қария Төлеген Құдашбаев (09.05.1943 дүниеге келген) пен оның екі ұлы Марлен мен Нұрланның Сортөбе ауылында бір топ дүңгендермен соққыға жығылуы себеп болды.

Сортөбедегі автокөлік жолын бөгеп тастаған жүк көлігінің кесірінен басталған жанжалдың барысында жарақат алған Төлеген Құдашбаев Алматыға ұшақпен жөнелтіліп, оның жамбас буынына ота жасалды. Төлеген Құдашбаевтың екі ұлы — Марлен Құдашбаев пен Нұрлан Құдашбаев ауруханаға түсті. Олардың айтуынша, жанжалға он дүңген қатысқан. Төбелесті тоқтатқысы келген II топ мүгедегі Төлеген Құдашбаевты теуіп құлатқан олар, әкесіне көмекке ұмтылған Марлен Құдашбаевтың басын таспен ұрған.

7 ақпан күні кешкі уақытта Масанчи, Сортөбе, Ауқатты, Бұлар батыр ауылдарында 1000 адамға дейін қатысқан жаппай төбелес орын алды. Оқиға куәгерлері мен арандатушылар қақтығысты бейнеге түсіріп, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таратып, Қазақстан тұрғындарын дүңгендерге қарсы заңға қайшы әрекеттерді іске асыруға үндей бастады. Қақтығыс болған ауылға ҚР ІІМ қосымша күштері жиналып, 8 ақпан күні таңертең Алматыдан әскерилер келді.

Бастапқыда қақтығыстың салдарынан 8 адам қаза тапқаны туралы хабар тарады, кейіннен олардың саны 11 жетті. 30 үй, 15 сауда алаңы және 23 автокөлікке залал келтірілді. Қаза тапқандардың көбісі дүңгендер. 9 ақпан күні Қазақстанның ресми өкілдері Қордай ауданының 12 мың тұрғынының көршілес Қырғызстанға кетуге мәжбүр болғанын мойындап, оларды Қазақстанға қайтып келуге үндеді. 10 ақпан күні премьердің орынбасары Бердібек Сапарбаев шын мәнінде Қырғызстанға қашқан Қазақстан азаматтарының саны 24 мың екенін мәлімдеді. Бұл Қордай ауданындағы дүңгендердің жартысына тең.

Серіктес жаңалықтары