Жан Медетбеков – Қарағандыдағы жалғыз тырнақ әрлеуші ер адам, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Saryarqanews.kz-ның мәліметінше, Жан мамандық бойынша металлург және туған жері Балқашта мамандығы бойынша зауытта жұмыс істеген. Жұмыс барысында жарақат алып, мамандығын ауыстыруына тура келген.
«Бұл салаға келуіме жұбайым себепші болды. Бірде ол тырнағын бояп беруімді сұрады. Ол менің жұмысымды жоғары бағалады, сөйтіп маникюр шебері болып көруге шешім қабылдадым», - дейді Жан Медетбеков.
Бастапқыда ол таныстарының ғана тырнағын бояған және не істеп жүргенін жария етпеген. Арада 8 ай өткеннен кейін ғана туған-туыстарына айтуға бел буған.
«Бұл туралы естігенде туыстарым таң қалды. Анам мені әрдайым қолдайды. Бұл жолы да түсіністікпен қарады. Ал аға-бауырларым бастапқыда мені түсінбеді, себебі әркімнің көзқарасы әртүрлі», - дейді ол.
Ол клиенттер әртүрлі жолмен келетінін айтты.
«Клиенттерімнің басым бөлігі бір-бірінен естіп келеді. Ер адам екенімді көргенде таң қалатындары бар. Тырнақ әрлейтін ер адамды көру үшін ғана келетіндер бар. Қалай келсе де жұмысыма көңілдері толып кетеді. Болашақта саламды ауыстыратын шығармын, себебі бұл саланың өз қиындықтары да жоқ емес. Лактың иісі, қозғалыссыз отыру – денсаулыққа зиян. Мүмкін жеке бизнесімді ашатын шығармын», - дейді ол.