Президент - Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен кеңес өткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мемлекет басшысы ұжымға жаңа қорғаныс министрін таныстырды.
Жиын Маңғыстау облысында өткен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшіні бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Каспийдегі трагедия
Бұған дейін, 26 қыркүйекте Президенттің өкімімен Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды жан-жақты тексеру үшін арнайы комиссия құрылған еді. Комиссия әскери бөлімдердің қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін де зерделейді. Тексерудің алғашқы қорытындысы жеті күн ішінде ұсынылуға тиіс.
27 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Дәурен Қосановты қорғаныс министрі қызметінен босатып, сол күні ведомство басшысы қызметіне Айдос Мырзахметовті тағайындады.
Бұл кадрлық шешімдер Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан бірнеше күн өткен соң қабылданды.
24 қыркүйекте әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт бұзылып, 17 әскери қызметші суға кеткен еді. Олардың үшеуі құтқарылып, 14-і қаза тапты.
Осы іс бойынша командирлік қызмет атқарған бес әскери қызметші ұсталды. Тергеу оқу-жаттығудың қалай ұйымдастырылғанын және ауа райы нашарлаған кезде оның не себепті тоқтатылмағанын анықтап жатыр.
26 қыркүйекте Президент Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру жөніндегі арнайы комиссия құрды. Тексеру барысында әскери бөлімдердің қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі де қаралады.
Сонымен қатар, Жоғары аудиторлық палата Қорғаныс министрлігіне мемлекеттік аудит жүргізуге кірісті.
Айдос Мырзахметов бұған дейін Қазақстан Қарулы Күштерінің Арнайы операциялар күштерін басқарған.
Ол туралы толығырақ мына жерден оқи аласыз.