Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев елдегі су тасқыны жағдайына байланысты жағдайды баян етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бозымбаев не дейді
Қанат Бозымбаевтың айтуынша, елдегі су тасқыны жағдайы жалпы тұрақталып келеді. Осы аптада Атырау облысында су тасқынының қауіпті кезеңі күтіледі. Қазір Жайық өзеніндегі су деңгейі Индербор және Махамбет су бекеттерінде қауіпті белгілерден асып түскен.
«Еліміздің 8 өңірінде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі сақталып отыр. Екі елді мекен (Ақтөбе облысы) әлі де көлік қатынасынсыз. Олар азық-түлікпен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген. Тиісті қызметтер жергілікті жерлерде жедел дезинфекциялық іс-шаралар жүргізіп жатыр. Су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу үшін 7 мыңнан астам адам және 1900 бірлік техника, оның ішінде 6 әуе кемесі жұмылдырылды. ТЖМ, полиция, Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары тартылды, сондай-ақ жеке ұйымдар мен еріктілер қатысады», - дейді ол.
Бозымбаевтың айтуынша, су басу аймақтарынан 119 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Оның 44 мыңы балалар. Бүгінгі таңда өз үйлеріне 55,6 мың адам оралды. Эвакопункттерде шамамен 5 мың адам қалған, туыстарында 58 мыңнан астам адам орналасқан.
«Су тасқыны жағдайының қорытындысы бойынша елімізде 12 908 тұрғын үй су астында қалды, оның ішінде 3 өңірде (Ақтөбе (144 үй), Атырау (14) және Солтүстік Қазақстан (106) облыстарында 264 үй әлі де су астында қалып отыр. Сондай-ақ, 25 921 саяжай учаскесі су астында қалды, онда 18 025 саяжай үйі бар (6016 үй зардап шеккендер үшін жалғыз тұрғын үйі болып табылады)», - дейді ол.
Қазақстандағы су тасқыны
Еске сала кетейік, биыл бірнеше өңірді су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.
Премьер-министр, штаб жетекшісі осы ретте Олжас Бектенов жауаптыларға бірқатар тапсырма берген.
Ulysmedia.kz редакциясының бас редакторы су тасыған Құлсарыға барып, арнайы репортаж түсірген болатын.