Түркістан облысы Аққорған елді мекенінің тұрғыны, көпбалалы ана Дилфуза Абдраимова атаулы әлеуметтік көмек алудан бас тартып, 2 гектар суармалы жер сұраған болатын, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бүгінде көпбалалы анаға Келес ауданы аумағынан 2 гектар суармалы жер беріліп, егін егіп, алғашқы өнімін ала бастады.
Облыс әкімінің кездесуінен кейін жергілікті әкімдік өкілдері сұранған жерімді рәсімдеуде қажетті сүйемелдеулерді көрсетті. Нәтижесінде 2 гектар суармалы жерге конкурс негізінде қол жеткізіп, бала-шағаммен бірге диханшылықпен айналысуды бастап кеттік. 1,5 гектарға қарбыз ектік. Қазіргі таңда 40 сотоктан 1000 дана қарбыз алып, саудаладық. Қалғанын алдағы уақытта сатылымға шығарамыз. Ал, қалған жарты гектар аумаққа картоп және пияз өнімдерін ектік, — дейді 11 баланың анасы.
Айта кетейік, Түркістан облысы тұрғындарына бүгінде түрлі бағытта қолдау көрсетіліп келеді.