×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Инвестиция һәм жұмыс орындары: Жамбыл өңірінің экономикалық ахуалы қалай өзгерді

05.09.2024, 16:33
Инвестиция һәм жұмыс орындары: Жамбыл өңірінің экономикалық ахуалы қалай өзгерді

Былтыр қыркүйекте Жамбыл өңіріне әкім болып барған Ербол Қарашөкеев бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізіп, аймақтың тыныс-тіршілігінен біршама мәлімет берді. Кез келген әкімнің жұмысы әуелі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуынан көрінеді. Жамбыл облысында жан-жақты салада қандай өзгерістер бар? Халықтың игілігі үшін қандай шаралар қолға алынып, қандай нысандар салынып жатыр? Өңірге инвестиция қаншалықты тартылуда? Ulysmedia.kz тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

ӨҢІРДЕГІ ӨНДІРІС КӨЛЕМІНІҢ ӨСІМІ ҚАНДАЙ

Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, Жамбыл облысында жыл басынан қысқа мерзімді экономикалық өсім 103,3% деңгейінде қалыстасқан. Атап айтқанда, аймақта құрылыс жұмыстарының көлемі (16,5%), көлік (10,6%), байланыс (8,5%), ауыл шаруашылығы (4%), тұрғын үй нарығы (1,9%) мен сауда саласы (0,3%) өсімді көрсеткен. Жалпы жыл басынан бері өңірге 247,3 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,3%-ға артқан.

«Мемлекет басшысы алға қойған басты міндеттердің бірі – өнеркәсіпті дамыту және инвестиция тарту. Биыл 7 айда өнеркәсіп өнімінің көлемі 494,9 млрд теңгені немесе 96,7 пайызды құрады. Өндіріс көлемінің төмендеуінің негізгі себептері – әлемдік нарықтағы бағаның 1145 доллардан 490 долларға дейін төмендеуіне байланысты минералды тыңайтқыштар өндірісінің қысқарды, басқа елдерден арзанырақ өнімдерді әкелу есебінен қант өндірісінің төмендеді. Жыл соңына дейін алдымызда өндіріс көлемін арттыру міндеті тұр», - дейді Қарашөкеев.

Аймақ басшылығы бұл өсімді KORCEM цемент өндіру зауыты, Karatau Chemicals пиросульфит өндіру зауыты және Шатыркөл байыту фабрикасы сияқты ірі өндіріс орындарын іске қосу арқылы жоспарлап отыр. Бүгін де «Қазфосфат» ЖШС-мен бірлесіп, өндірісті жаңғырту және өнім түрлерін кеңейту үшін инвесторлар іздеу жұмыстары аяқталуға жақын қалған. Жалпы облыстағы 856 өнеркәсіптік кәсіпорында (14 ірі, 25 орта, 817 шағын) 44,3 мыңға жуық облыс тұрғыны еңбек етеді.

ИНВЕСТИЦИЯ ЖӘНЕ ТАҒЫ ДА ИНВЕСТИЦИЯ

Жамбыл облысында сонымен қатар, инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жұмыс жалғасып келеді. Жыл соңына дейін инвестиция көлемін 702 млрд теңгеге дейін ұлғайту көзделген.

«Қазіргі таңда 1432 жұмыс орнын құрумен 228,5 млрд теңгеге 19 жоба жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері біз жалпы құны 139 млрд теңгені құрайтын 12 жобаны енгіздік, бұл облыста 405 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Өңірде жаңа өңдеу зауыты, ауыл шаруашылығы техникаларына қызмет көрсететін сервистік орталық, құм қиыршық тас шығаратын завод, сүт өнімдерін өңдейтін цех іске қосылып, «Жайсаң» мыс кен орнын игеру жұмыстары басталды», - дейді әкім.

Облыстың инвестициялық қоржыны жалпы құны 2,5 трлн теңгені құрайтын 70 жобаны құрайды. Оның ішінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 1,8 трлн теңгені құрайтын 13 жоба бар. Бұл жобаларды жүзеге асыру қосымша 6,3 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Өңірге инвестиция тарту бойынша жұмыс шеңберінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін өндіріс орындарының жетіспеушілігі мәселесі туындаған. Қалыптасқан жағдайды шешу үшін инвесторларға аумағы 40 мың шаршы метрді құрайтын заманауи өндіріс орындарын салу жөнінде шешім шығарылған. Жобаға қаржы Индустриялық даму қорынан алынып отыр.

ZHAMBYL INVEST – ОЛ НЕ

Биыл мамырда өңірге инвестиция тарту мақсатында «Тараз» ӘКК» АҚ базасында «Zhambyl Invest» дирекциясы құрылған. Дирекция отандық және шетелдік инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша көмек көрсетеді. Олар – рұқсат құжаттарды алу, инвесторларға виза беру, инвестициялық келісімшарттар жасау және инвестициялық преференциялар алу, сондай-ақ инженерлік желілерді орнатуға көмек көрсетуді көздейді. 

«Бүгінгі таңда дирекция түрлі салаларда әзірленіп жатқан 30-ға жуық инвестициялық жобаға қолдау көрсетуде, оның 9-ын біз жақын арада іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жобаларды іске асыру айтарлықтай мультипликативті нәтиже береді және тұтастай алғанда өңірдің инвестициялық тартымдылығын дамытуға оң әсер етеді», - дейді Ербол Қарашөкеев.

АГРОӨНЕРКӘСІП – ОҒАН ДА ИНВЕСТИЦИЯ КЕРЕК

Ербол Қарашөкеевтің сөзінше, жыл басынан бері агроөнеркәсіп кешені саласына 6,1 млрд теңге инвестиция тартылған. Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесін кеңейту аясында 1612 басқа арналған тауарлы-сүт фермаларының құрылысы бойынша 3 жоба, сыйымдылығы 35 мың тонналық 6 көкөніс сақтау қоймасы, тамшылатып суару және тері мен жүнді өңдеу бойынша 2 жоба қаржыландырылған. Бұл жобаларды 2025 жылы енгізу жоспарланып отыр.

Сонымен бірге, 2027 жылға қарай құны 272 млрд теңгені құрайтын 40 инвестициялық жобаны іске асырып, 1141 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның ішінде 2024 жылы 345 жұмыс орнын құрумен 25 млрд теңгені құрайтын 20 жоба бар. Биыл жоспарланған 20 жобаның құны 9,7 млрд. теңгені құрайтын 9 жобасы іске қосылған.

«АУЫЛ АМАНАТЫ» ТАБЫС КӨЗІНЕ АЙНАЛДЫ МА

Облыс басшысы «Ауыл аманаты» жобасы өз тиімділігін көрсеткенін айтады. Жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдауға және ауыл халқын кәсіпкерлікке тартуға бағытталған бағдарлама жаңа жұмыс орындарын ашып, ауыл халқының табыс көзіне айналды деп сендіреді.

«2023 жылы 25,5 млрд теңге бөлініп, 4076 жоба қаржыландырылды, бағдарламамен 51 ауылдық округ қамтылды. Оның ішінде 152,2 мың бас мал мен 65 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу қаржыландырылды. 2024 жылдың соңында біз республикалық бюджеттен 10,5 млрд теңге көлемінде қаражат бөлуді күтеміз, оларға кемінде 1200 жоба қаржыландырылады. Биылдан бастап біз шағын орта бизнесті, мәселен құрылыс цехтарын, кондитерлік цехтарды, тігін цехтарын, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу бойынша шағын цехтарды дамытуды қаржыландыруға көңіл бөлеміз. Несиелер жылдық 2,5 пайызбен, 5 жылға дейінгі мерзімге жеке кәсіпкерге 9,2 млн. теңгеге дейін, кооперативке 29,5 млн. теңгеге дейін беріледі», - дейді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ, биыл мамырда ауыл шаруашылығы техникасын қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 600 млн теңге бөлініп, 89 бірлік техника сатып алынған.

СУАРМАЛЫ ЖЕР МӘСЕЛЕСІНІҢ ШЕШІМІ НЕДЕ

Президент Қасым-Жомарт тоқаев облыста суармалы жер көлемін ұлғайту жөнінде тапсырма берген еді. Өңірде суармалы алқаптарды ұлғайту бойынша ауқымды шаралар қолға алынған. Бекітілген Жол картасы шеңберінде 2028 жылға дейін 124 мың га егіс алқабын қалпына келтіру жоспарланып отыр.

«Халықаралық қаржы институттары (ЕҚДБ және ХҚДБ) арқылы 37,4 млрд теңге бөлінді (27,6 млрд теңге игерілді), 47,5 мың га суармалы алқаптар қалпына келтірілді (жоспар 69,1 мың га). Биыл ИДБ-мен суармалы жерлерді ұлғайту және тасымалдау кезінде су ысыраптарын азайту жөніндегі келісімдер аясында 87 каналды қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстарын бастап жатырмыз. Жергілікті бюджет есебінен 9, республикалық бюджет есебінен 3 су қоймасын салу жоспарлануда. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2028 жылға қарай суармалы алқаптарды толық сумен қамтамасыз ету, каналдарда тасымалдау кезінде су ысыраптарын азайту және ауыл шаруашылығы өнімін 2 есеге арттыру күтілуде», - дейді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ, суды үнемдейтін технологиялар да бар. Бүгін де іске қосу сатысында 2 жоба бар: каналдар үшін бетон жабындарын өндіру бойынша KAZAKH INDUSTRIAL STROI (ҚХР) және тамшылатып суару өндірісі бойынша KAZKASPI HYDRO (ҚХР) жүйелері. Сонымен бірге, өңірде өз өндіріс орындарын ашуға дайын тағы 3 мүдделі инвестор тартылған. Қазіргі уақытта олар пысықтау сатысында тұр.

ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ

Облыс бойынша жылу желілерінің ұзындығы 350,7 шақырымды, тозу деңгейі 55,5%-ды құрап отыр. Биыл 7,1 млрд. теңгеге 2025 жылы аяқталатын Тараз қаласындағы М-1 магистральдық жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары басталған. Тозу деңгейі жыл соңына 54%-ға дейін төмендейді.

Ербол Қарашөкеевтің сөзінше, жыл соңына дейін Қаратау қаласындағы (680,8 млн. теңге) және Жаңатас қаласындағы (4,2 млрд. теңге) орталық қазандықтарды қайта жаңғыртуды аяқтау жоспарлануда, нәтижесінде соңғысы мазут отынынан табиғи газға ауысады.

2025 жылы Қаратау қаласындағы орталық қазандықтың мазут нысанын қайта жаңғыртуды аяқтау жоспарлануда (653,9 млн. теңге), сондай-ақ, республикалық бюджеттен (5,5 млрд. теңге) қаржыландыру қолдау тапса жылу желілерін (15 шағын аудан (1,036 щқ) – 635,3 млн. теңге), Тараз қаласындағы М-3 жылу магистралін ((1,4 шқ) – 2,1 млрд. теңге) және Шу қаласында 4 жобаны ((5,6 шқ) – 2,1 млрд теңге) қайта құруды бастау көзделген. 

Білім, ғылым, мәдениет саласы жайлы да сөз сөйлеген Ербол Қарашөкеев спорт саласындағы жетістікті де атап өтті. Биыл Париж Олимпиадасы кезінде Қазақстан қоржынына түскен бірден бір алтын медальді – Жамбыл облысынан дзюдошы Елдос Сметов салған еді. Әкім осы жетістікті ерекше атап өтті.

«Бұның ерекшелігі «Мәскеу – 1980» жазғы Олимпиада ойындарында Жақсылық Үшкемпіровтің алтынынан кейін 44 жылдан кейін Жамбыл спортшысының алтын медаль жеңіп алғаны. Бұдан бөлек, Париж – 2024 XVIII жазғы Паралимпиада ойындарында Жамбыл облысы 4 лицензия алды. 8-13 қыркүйек аралығында Астанада V Бүкіләлемдік көшпенділер ойындарына Жамбыл облысынан 17 спортшы қатысады», - дейді Ербол Қарашөкеев.

ТУРИЗМ ЖАЙЛЫ

Жамбыл өңірінің ерекшеліктерінің бірі - ЮНЕСКО тізіміне енгізілген табиғаты бай көптеген тарихи орындар. Яғни, облыста туризмді дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер бар. 2022 жылы Тараз қаласы Дүниежүзілік қолөнер қалаларының тізіміне еніп, Қазақстанның Тұңғыш қолөнер қаласы мәртебесін алған. Қазіргі уақытта туризм саласында 15,9 млрд. теңгеге 7 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Жобаларды іске асыру 200 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 3 жоба пайдалануға берілген. Олар: Жамбыл ауданындағы «Алмалы» демалыс орталығы, Жуалы ауданындағы «Koksai resort» демалыс аймағы және Тараздағы «Зербұлақ» аквапаркі. Биыл бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша облысқа 40,8 мың турист келіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда туристер саны 31% өскен. Оның ішінде 545-і шетелдіктер, еліміздің басқа өңірлерінен 40,3 мың туристер болып отыр.