×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Бүгін – Алматының туған күні

19.09.2021, 10:49
Бүгін – Алматының туған күні
Фото: Ашық дереккөздерден

Оңтүстік астананың туған күні жыл сайын қыркүйектің үшінші жексенбісінде аталып өтеді. Алматы үшін биылғы меншікті мереке 19 қыркүйекке келіп отыр, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Алматының тарихын біздің заманымызға дейін жетінші ғасырдан бастап есептейтін тарихшылар бар. Олардың айтуынша, сол ғасырдың өзінде Қазақстанның оңтүстігінде сақтар мен үйсіндер ғұмыр кешкен. Тарихшылар бұл пайымын Есік қорғанына табылған «Алтын адаммен» байланыстырады. Ұлы жібек жолының саудасы қызған 10 ғасырдан бастап қаладағы тіршілік тың тыныс алған.

ХІХ ғасырдың ортасында Верный бекінісінің іргесі қаланып, көп өтпей оның атауы Алматинск болды. Артынша Верный болып қайта бекітілді. 1921 жылы Верный атауы Алма-Ата деп өзгертілді. 1935 жылы қалада әуе жолы ашылып, Мәскеумен әуе байланысы ретке келді.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін шаһарға Алматы атауы (1993 жылы) берілді. 1997 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен ел астанасы Алматыдан Астанаға ауыстырылды.

Бүгін де Алматы қаласы – Қазақстандағы ең ірі үш мегаполистің бірі. Қала тұрғындарының жартысынан көбін қазақтар құрайды. Қазақтардан басқа қалада орыстар, ұйғырлар, татарлар, украиндар және тағы басқа ұлт өкілдері тұрады. Шетелдіктердің ішінде ең көбі – түріктер. Бейресми деректер бойынша халық саны 2,5 миллионды, ал ресми дерек бойынша 1,7 миллионды құрайды.

Алматы теңіз деңгейінен 650-1200 метр биіктіктегі Іле Алатауының солтүстік бөктерінде орын алған. Қала жазықтықта орналасқан, үш жағын биік таулар мен жасыл массив қоршаған. Алматы — Еуразия континентінің орталығы. Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығысында тұр. Қаланың басты құндылықтарының бірі – Көктөбе. Оңтүстігі қаламен шектесетін жоталы мекен. Ол 1070 метр биікте орналасқан. Көктөбенің басына шығу арқылы қаланың алақандағыдай көрінісін тамашалауға болады. Дәл осы жерде қаланың керемет түнгі көрінісінің куәсі бола аласыздар.