ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменттері бірлесіп, миллион теңгеге жуық пара алған теміржол басшысын құрықтағанын мәлімдеді деп хабарлайды Ulysmedia.
«Бірлескен жедел іс-шаралар аясында 800 мың теңге көлемінде пара алған «Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі» ЖШС «ҚТЖ-Жүк тасымалы» филиалының бастығы әшкереленді», – делінген бүгін Antikor таратқан ақпаратта.
Аталған лауазымды тұлға қабылданған жылдық есептерді оң қарағаны және одан әрі қамқорлығы үшін ақшалай қаражат алған.
«Өзге ақпарат жариялауға жатпайды. Тергеу жалғасуда», – деп қысқа қайырды құзырлы орыннан.