×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Шымкент жаңа жыл кешін түсіруге 46 млн теңге бөлген: Әйтенов не деді

09.12.2021, 16:29
Шымкент жаңа жыл кешін түсіруге 46 млн теңге бөлген: Әйтенов не деді
Коллаж: ulysmedia.kz

Республикалық арналардан көрсетілетін жаңа жылға арналған концерттік бағдарлама екі жылдан бері Шымкент қаласында түсіріліп келеді. Осы орайда қала әкімі Мұрат Әйтенов телевизиялық жобаға қала бюджетінен бөлінген қаржыны жасырып қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

46 МЛН ӘКІМНІҢ ЕСІНЕН ШЫҒЫП КЕТКЕН

Бүгін астанада өткен есептік брифинг кезінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтен Ulysmedia.kz тілшісі жаңа жылдық концерттің Шымкентте түсірілу себебі мен бюджеттен қанша қаржы бөлінгенін сұрады.

Әкім іс-шараны продюсерлік орталық өз қаржысына ұйымдастырып жатқанын және олардың әкімдіктен көмек сұраған соң, қолғабыс еткенін жеткізді.

«Біріншіден, іс-шарамен продюсерлік компания айналысып жатыр. Олар бізге шығып, ғимарат беріңізші, анау беріңізші, мынау беріңізші деп сұрады. Ол жерде әртістердің, жабдықтардың ақшасын өздері төлеп жатса Шымкент қаласында неге түсірмеске?! Әрі үшінші республикалық қала. Мемлекет тарапынан, әкімшілік тарапынан ғимарат беріп, қосымша аздаған көмек қана берілді. Мұны жалғастыру керек сияқты. Өйткені жаңа жылда індетке байланысты қала тұрғындары, қазақстандықтар жаңа жылды үйде отырып күтіп, індеттен қорғанып жүргені де жақсы ғой», –  деді Мұрат Әйтенов.

Әкімнің айтуынша, биылғы түсірілім жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлінбеген.

«Олар әкімдікке қарасты мәдениет басқармасына шықты. Мемлекеттік бюджеттен қаражат шығарылған жоқ. Өткен жылы, есімде жоқ 8 млн теңге шығар. Биыл қаржы бөлінген жоқ. Продюссерлік компания өздері шығарып жатыр», – деді ол.

Әкім Мұрат Әйтенов Шымкент әкімдігімен бірнеше жыл жұмыс істеп келе жатқан продюсерлік орталықты да, иесі Жан Мұқановты да білмейтін кейіп танытты. «Продюсерлік орталықтың нақты аты қандай» деген журналист сауалына ол тосылып барып, былай жауап берді:

«Атын білмедім. Как оно называется. Жан Мұқанов, сіз айтып жатсыз ғой. Жан Мұқановтың продюсерлік компаниясы. Сол компания түсіріп жатыр. Біздің мәдениет басқармасы ұсыныстарды айтқан соң, қуана-қуана қолдадық», – деген әкім продюсермен жоба барысында танысқанын атап өтті.

Сондай-ақ мұндай бағдарламалардың қала имиджіне пайдасы бар екенін де алға тарта отырып, сол себепті қолдау білдіргенін жеткізді. Десе де былтырғы жобаға бөлінген бюджет есебін әкім қанша ойланса да есіне түсіре алмады.

«Менің есімде жоқ, кішкене ғана есімде. Іс-шараның бір несіне көмекті. Қалғанын өздері жасап жатыр», – деді Мұрат Әйтенов.

IMPRESARIO МЕН ӘКІМНІҢ БАЙЛАНЫСЫ

Брифинг барысында Шымқала әкімі жаңа жылдық түсірілім жұмыстарына қатысты мәліметтерді есіне түсіре алмаған соң, біз мемлекеттік сатып алу сайтындағы ақпаратқа жүгініп көрдік.Белгілі болғандай, Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының мәдениет үйі 2020 жылы 9 желтоқсанда «Ұлы дала Жаңа жылы Шымкент шақырады» іс-шарасын ұйымдастыру және видео түсіріліміне лот жариялаған. Құны 46 млн теңге болатын тапсырысты «LIONS' SHOW MEDIA» ЖШС алған. Аталған кәсіпорын атауы www.impresario.kz ресми сайтында Жан Мұқановқа қарасты негізгі жобалардың бірінің атауына ұқсас.

Компания заңды тұрғыда Жан Мұқановқа тиесілі екені айтылмағанымен, «Жыл таңдауы», «Анашым, мені қалдырма» сынды жобалар продюсердің жеке сайтында және компания сайтында атқарылған жұмыс ретінде бірдей көрсетілген.

Жалпы Жан Мұқановтың қатысы бар медиа компаниялар Шымкент әкімдігіне қарасты мемлекеттік сатып алуларға жиі қатысады. Мәселен, Әйтенов пен продюсер Жан Мұқановтың жақын араластығы құны 565 млн теңге болатын Шымкенттегі атышулы Наурыз тойында көрінген.

Айтпақшы былтырғы жаңа жылдық кеш туралы Жан Мұқановтың өзі инстаграм парақшасында бірнеше рет жазды. Түрлі суреттер жариялады.

Осы жобалар бойынша тікелей кіммен жұмыс істейтінін де бөлісті. Ол – Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан.

 Оrda.kz сайтының жазуынша, Instagram желісіндегі impresario.tv аккаунтының Шымкент қаласы әкімдігімен байланысы ертерек байқалған. Былтыр жазда әкім Мұрат Әйтенов аптасына бір рет тікелей эфирге шығып, қала тұрғындарының сауалдарына жауап беріп жүрген. Бір қызығы, әкім әлеуметтік желі арқылы есеп беру кезінде абайсызда impresario.tv аккаунтынан тікелей эфирге шығып кеткен. Қателігін тез байқаған аңғал әкім өз парақшасына ауысқан. Десе де, әкімдік парақшасы мен продюсердің жеке парақшасы бір байланыс құралында екені осылайша білініп қалған болатын.

Жуырда инстаграмда Жан Мұқанов жаңа жылға арналған концерттік бағдарламаның жан-жақты түсірілім жұмыстарына дайындықты бастап кеткенін айтып, хабарлады. Тамара Асар, Төреғали Төреәлі, Аша Матай, Айжан Нұрмағамбетова сынды белгілі әншілер мен әртістерді Шымкентте жинап, жұмыс барысындағы қызықты сәттерді әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы дүйім елге жариялап отырды. Былтыр оларды Rixos қонақүйі қарсы алған. Гонорарын доллармен алатын әншілердің ұшып келуі мен жатын орнына биыл қанша қаражат жұмсалғаны әзірге белгісіз. Бірақ, ол жақын күндері Мемлекетттік сатып алу сайтына шығуы мүмкін. Олай болса, әкім Әйтеновтің екінші өтірігі әшкере болады. 

Инстаграм парақшасында мынадай суреттерді жариялап жатқан Жан Мұқановтың жаңа жылдық кешті тегін түсіруі екіталай. Оның айтуынша, бағдарлама 31 желтоқсан күні республикалық телеарналардың бірінен көрсетілмек.