Астаналық параспортшылар WKF каратэ және паракаратэ федерациясының басшылығы тарапынан бірнеше ай бойы ақша жинау дерегі болғанын мәлімдеді. Спортшылар Жетес Нұрмағанбетов пен Айжан Бекмұраттан ай сайын аз қамтылған адамдарға көмек көрсету үшін 50 мың теңгеден беруді талап еткен. Олардың айтуынша, ақша беруден бас тартқандарға жұмыстан шығару қаупі төнген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Бас тартсаң, жұмыстан шығарады»
Нұрмағанбетов пен Бекмұраттың айтуынша, олардан ай сайын тұрақты түрде 50 мың теңгеден ақша беріп отыруды талап еткен. Спортшылар бұл төлемнің ерікті қайырымдылық емес, іс жүзінде міндетті болғанын айтады. Мүгедектігі бар адамдар үшін ай сайынғы 50 мың теңге – аз ақша емес, табысының едәуір бөлігі.
– Біз келгенде ол жалақыдан ай сайын 50 мың теңге беру керек екенін айтты. «Не үшін?» деп сұрадым. Ол бұл ақшаны қайырымдылық ретінде беру керек екенін айтты. Сонда мен «өзіміз де көмекке мұқтажбыз» дедім, – деді Айжан Бекмұрат.
Спортшылар құқық қорғау органдарына жүгінгеннен кейін, Нұрмағанбетовтің айтуынша, федерация басшысы ақшаны қайтарып, кешірім сұраған. Алайда спортшы арызынан бас тартпаған.
Нұрмағанбетовтің айтуынша, оның бұл жағдайға қатысты нотариус арқылы куәландырылған хат-хабарлары бар. Соған қарамастан, спортшының сөзінше, қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеу тоқтатылған.
Осы жанжалдан кейін Нұрмағанбетовтің айтуынша, ол параспорттың басқа түрі – боччаға ауысқан. Онда қазір жалақы алмайды. Спортшының сөзінше, бүгінде 110 мың теңге көлеміндегі жәрдемақыға күн көріп отыр.
Федерация айыптауды жоққа шығарды
WKF каратэ және Астана қаласының паракаратэ федерациясы Нұрмағанбетов пен Бекмұраттың жұмысқа заңды түрде қабылданғанын, ал еңбек қатынастары еңбек шарттарының мерзімі аяқталуына байланысты тоқтатылғанын мәлімдеді.
– «Астана қаласының WKF каратэ және пара каратэ федерациясы» ҚБ басшылығы тарапынан Жетес Нұрмағанбетов пен Айжан Бекмұратқа қатысты қандай да бір заңсыз әрекет жасалған жоқ. Аталған жағдайлар уәкілетті мемлекеттік органдардың тексеруіне негіз болды. Жүргізілген тексеру нәтижесінде сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды. Федерация шындыққа сәйкес келмейтін, қоғамды жаңылыстыруы мүмкін, сондай-ақ ұйым мен оның басшылығының іскерлік беделіне нұқсан келтіретін ақпаратты таратуды жол берілмейтін әрекет деп есептейді, – делінген федерацияның бас хатшысы Г. Сүлейманованың ресми мәлімдемесінде.
Ұйым мұндай ақпараттың әрі қарай таралуы жалғасқан жағдайда, өз құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін құзырлы органдарға жүгінуі мүмкін екенін де ескертті.