Ірі май құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек. Ал жекеменшік шағын станцияларда бензин мүлдем жоқ, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
24kz-ның мәліметінше, кейбір бекеттер бензин мен дизель бағасын көтеріп жіберген. Облыс әкімінің орынбасары Рашид Аюпов өңірдегі бензин тапшылығы Павлодар мұнай өңдеу зауытының жөндеу жұмыстарына жабылғанымен байланыстырады. Қазір Түркістан облысын жанармаймен жалғыз Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты қамтамасыз етіп отыр. Бұған дейін жанармайды темір жол арқылы тасымалдап келген «ПетроҚазақстанның» вагондарында бензин таусылған. Сондықтан өңірдегі ірі жанармай бекеттері бензинді Шымкенттен өздері тасып жатыр. Бұл жеке жанармай құю бекеттеріне тиімсіз. Салдарынан жанармай тапшылығы сезіліп отыр.
«Бес жанармай бекетіне бардым. Үшеуінде жоқ. Біреуінде көшеге дейін кезек. Өз мемлекетімізде шығады, бензин жоқ. Қалай түсінуге болады бұны?», - дейді қала тұрғыны Қамбар Балқыбеков.
Ал облыс әкімінің орынбасары Рашид Аюпов Энергетика министрлігі мен «Шнос» компаниясының айтуына қарағанда, екі күн ішінде толық мәселені шешетіндігін айтты.
«Бүгін, ертең бұл мәселе шешіледі. Әрі қарай демалыс күніне дейін темір жолы жоқ, алыс орналасқан Шардара, Мақтарал аудандарына да жеткізіледі», - дейді ол.