×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Ұлттық парктер келешекте азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді

13.12.2021, 13:00
Ұлттық парктер келешекте азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді
Фото: «Елім-ай» қауымдастығы

Табиғатты қорғау ісінде тек қаржы шығындап қана қоймай, пайда да табуға болады. «Табиғи туризм: ғаламдық сын-қатерлер мен Қазақстанның келешегі» ұлттық конференциясында Конрад Аденауэр қорының Қазақстандағы басшысы Йоханнес Д. Рай жастар арасында экологиялық ағарту жұмысының маңыздылығына тоқталды. 

«Бұл үшін жергілікті кәсіпкерлерге жергілікті жерде кадрларды дайындау қажет. Университеттер мен мектептерге барып, қоршаған ортаны қорғау туралы түсіндіру керек. Жастармен көбірек жұмыс істегенде ғана инновация болады» , - деп айтты Й.Д.Рай.

«Бурабайда серуендеп жүріп, айналада күл-қоқыстың «свалкадағы» қалдықтардан көп екендігін байқадым. Бұл – апат қой. Сол кезде мен азаматтарға экология ұғымын түсіндіру қажеттігін ұқтым»,-  деп пікір білдірді қор басшысы.

Ал Экология және тұрақты даму институтының директоры Құралай Кәрібаеваның ойынша, «Мәңгілік ел» идеясының негізінде экология, экономика және әлеуметтік мәселе үштағаны тұруы керек.

«Табиғи байлықты сақтап қалу біздің әрқайсымыздан басталады. Оның үстіне, ұлттық парктерімізде елдің азық-түлік қауіпсіздігіне негіз болатын дақылдар бар. Мысалы, әлемдегі барлық алма сорттарының алғашқы түрлері Қазақстанда екенін атап өтуге болады.  Ал халықтың әл-ауқатын жақсартуға жер бетіндегі деградацияға ұшыраған 350 млн гектар жерді қалпына келтіру бағдарламасы септігін тигізеді. Мұндай жерлер Қазақстанда 70%-ға жетеді», -деді академик Кәрібаева.

Конференцияда ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаев Қазақстанда 14 ұлттық парк бар екенін, оның бірі – «Ұлытау» ұлттық паркі жақында құрылғанын атап өтті.

«Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың санын көбейту – министрлік жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Бұл жұмыс өз жемісін бере бастады. «Көлсай көлдері ұлттық паркі орналасқан Саты ауылы тұрғындарның 70-80%-ы экологиялық туризм саласына көшті», - деп айтты Д.Тұрғамбаев.

Ол қазір ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірге мектептерде экологиялық тәрбиеге бағытталған жаңа пән енгізу, барлық ұлттық паркке туристерді кіргізуді автоматтандыру, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған алаңдар орнату, қоқысты тұрақты түрде шығару, туристердің қауіпсіздігін күшейту, халықтың экологиялық мәдениетін көтеру сынды жұмыстардың қолға алынып жатқанын атап өтті. Бұдан бөлек, ұлттық парктерге келушілерден бюджетке түскен ақшаны қоршаған ортаны қорғау және экологиялық туризмді дамытуға жұмсау мәселесі қаралуда.

Айта кетейік, Алматыда өткен конференцияны «Елім-ай» Ұлттық экологиялық туризм қауымдастығы ұйымдастырды.