×
$
467.48
539.52
5.73
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
467.48
539.52
5.73

Қазақстандағы табиғи паркте вольфрам өндіріле бастайды

Бүгін, 12:45
Қазақстандағы табиғи паркте вольфрам өндіріле бастайды
Ulysmedia коллажы

«Есіл-Mining» компаниясы Солтүстік Қазақстан облысындағы «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қорғау аймағында орналасқан Ақсоран вольфрам кен орнын игере бастайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Вольфрам қоры қанша жылға жетеді?

«Есіл-Mining» ЖШС Ақсоран кен орнын жерасты әдісімен игереді. Кенішті іске қосу мен кейін жабуды қоса есептегенде, жұмыстар 16 жылға созылады. Оның 13 жылы тікелей кен өндіруге жұмсалады. Бұл туралы Qazba.kz жобалық құжаттарға сілтеме жасап жазды.

Жоба бойынша кен орнынан жыл сайын 1 млн тонна кен өндіріледі. Тау-кен дайындау жұмыстарын 2027 жылы, ал кен өндіруді 2028 жылы бастау жоспарланған.

Ақсорандағы кен қоры 13,9 млн тоннаға бағаланады. Оның құрамынан 61,9 мың тонна вольфрам триоксидін және шамамен 3,8 мың тонна молибден өндіруге болады.

Кен орны ұлттық парктің қорғау аймағында орналасқан, бірақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтың шегіне кірмейді. Компания лицензияны Қазақстанда мемлекеттік табиғи парктердің қорғау аймақтарында кен өндіруге тыйым салынғанға дейін алған.

Табиғатқа зиян келе ме?

Біздің ақпаратқа сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысының экология департаменті компанияның вольфрам өндіруге берген өтінішін 2022 жылы қараған.

Экологтардың есебінде құнды кеннің шамамен 100 метр тереңдікте жатқаны, ал аумағы 100,2 гектар жердің инвесторға 2045 жылға дейін берілгені көрсетілген.

Сонымен қатар экологиялық зерттеулер сол кезде-ақ ұлттық парктің қорғау аймағында орналасқан учаскенің зиянды заттармен едәуір ластанғанын көрсеткен. Топырақ құрамынан мырыш, мыс, никель және әсіресе мышьяктың мөлшері шекті рұқсат етілген концентрациядан асып кеткен. Мышьяк мөлшері 11 еседен астам жоғары болған.

Вольфрам өндіру жоспарланған учаскеде ірі өсімдіктер жоқ. Сондықтан ағаштарды кесу жоспарланбаған.

Инвестор туралы не белгілі?

Qazba Ақсоран кен орнын игеретін инвестор туралы нақты мәлімет келтірмейді. Алайда «Есіл-Mining» ЖШС 2011 жылдың қарашасынан бері жұмыс істеп келе жатқаны және Астанада шағын кәсіпорын ретінде тіркелгені белгілі. Компания басшысы – Қуанышқан Қалиев.

2015 жылдан бері «Есіл-Mining» бюджетке 179,3 млн теңге салық төлеген. Компанияның жалғыз құрылтайшысы – Resources Enterprise Ltd. Бұл – шетелдік заңды тұлға. Оның үстіне осы атаумен әртүрлі елдерде тіркелген ұйымдар болуы мүмкін.

Ең ықтимал нұсқа – бұл Қытай инвесторы болуы мүмкін. Ал ықтималдығы төмен нұсқалардың бірі – атауы ұқсас, бірақ ресми атауы сәл өзгеше британиялық компания.

Қазақстандағы вольфрам қорына деген қызығушылық кейінгі бір жылда күрт артты.