Рақымшылық бірінші кезекте 50-ге толған және асқан әйелдерге, 60 жасқа толған және асқан ер адамдарға, І және ІІ топтағы мүгедектерге, ата-ана құқығынан айырылмаған, асырауында 18 жасқа дейінгі балалары бар немесе жасына қарамастан асырауында мүгедек балалары барлар, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері және соған теңестірілген тұлғалар ілікті, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
ktk-ның мәліметінше, СҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметі 7 желтоқсанда ҚР Президенті «ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңға қол қойылғанын хабарлаған.
«Осы санаттарға жататын адамдарды анықтау үшін облыстағы барлық жазасын өтеушілер арасында сауалнама жүргізілді. Оның нәтижесі сотталушының әлеуметтік мәртебесін растау үшін мемлекеттік органдарға жіберілді. Ал асырауында балалары бар, бірақ ата-ана құқығынан айырылмаған жазасын өтеуші әйелдер бойынша мәлімет білім бөлімдерінен сұратылды», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД бастығы Рустан Ахметжанов.
Рақымшылыққа ауыр, аса ауыр қылмыс жасағандар, соның ішінде терроризм-экстремизмге, жеке адамдарға қатысты қылмыс жасағандар, кәмелет жасына толмағандарға жыныстық зорлыққа барғандар ілікпейді.
Қазіргі уақытта СҚО-ның түзету мекемелерінде 1200-ден астам сотталған бар. Олардың 240-ғы заңға сәйкес амнистиямен мерзімінен ерте босап шықпақ. Жазасын өтеушілер колониялардан сот қаулысымен босатылады. Рақымшылық мерзімі 6 айға созылмақ. Елімізде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 2016 жылы рақымшылық жасалып, сол жылы СҚО-да 171 жазасын өтеуші амнистияға іліккен еді.