Ақтөбеде Жосалы ауылында жарылғыш зат бар деп хабарлама берген күдікті ұсталды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ол Қарғалы ауданында тұратын студент болып шықты. 13 желтоқсан күні сағат 01:30 шамасында Ақтөбе облысы Полиция департаменті Қарғалы аудандық ПБ кезекші бөліміне ер адам қоңырау шалған. Оның айтуынша, Қарғалы ауданының Жосалы ауылына бомба қойылған. Оқиға орнына полиция жасақтары, авариялық-құтқару қызметінің қызметкерлері, Қарғалы ауданының жедел медициналық жәрдем бригадасы жіберілді.
«Жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында учаскелік полиция инспекторы күдікті ретінде 18 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Ол колледж студенті болып шықты. Жас жігіт әзілдеп айтқанын мойындады. Қылмыстық кодекстің «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», - деді Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Күдіктінің кінәсі дәлелденсе 5000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Тіпті түзету жұмыстарына тартылып, 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.