×
449.58
486.94
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
449.58
486.94
4.86

Субсидия, ашықтық, шұғыл шешім: Жаңаөзен талабын орындау жолдары

03.01.2022, 14:11
Фото: ашық дереккөзден

Жаңаөзен қаласында 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап газ бағасы 120 теңгеге дейін көтерілді. Қала тұрғындары газ бағасын 60 теңгеге дейін төмендетуді талап етіп, түні бойы алаңда болды. Осы орайда Ulysmedia.kz мәселенің шешімін мамандардан сұрап көрді.

ҚАҢТАРДАН БАСТАП НЕ ӨЗГЕРДІ

Маңғыстау облысында сұйытыған газдың қымбаттауы күзде басталды. Қараша айында Ақтауда екі апта ішінде газ бағасы 55 теңгеден 90 теңгеге күрт көтерілген. Сол кезде астанаға есеп беруге келген олыс әкімі Нұрлан Ноғаевтан ulysmedia осы мәселені тікелей сұраған болатын. Көліктердің 90% газбен жүріп-тұратын өңірге бұл жаңалық соққы болатыны түсінікті еді. Ноғаев газ бағасын электронды сауда қалыптастырады дегенді айтты. Ол кезде сұйық отынның 75%-ы электронды сауда алаңында сатылатын. 2022 жылы 1 қаңтардан бастап 100%-ға осы әдіске көшті.

«Ал «Газ және газды қолдану заңы» бойынша 2022 жылы 1 қаңтардан бастап бұл биржаға шығуы керек. 100 пайыз газды бұрын әкімдік, министрлік әр компанияға бөліп отырған болса, енді бұлай болмайды. Баға ұсыныс пен сұраныс нәтижесінде қалыптасады», – деді Нұрлан Ноғаев.

ЭЛЕКТРОНДЫ САУДА АЛАҢЫ НЕ БЕРЕДІ

Энергетика министрлігі кеше бұл өзгерістің бізге не беретінін түсіндіруге тырысты. Яғни, баспасөз хабарламасын таратты.

Министрліктің мәліметінше, ЭСА-ға көшкенге дейін сұйытылған мұнай газын өндірушілер тек шығынға батты. Себебі, бағаны әкімдік белгілейді. Сөйтіп, сұйық отын өндіріс құнынан төмен бағаға босатылатын. Енді делдалдар тауарды әкімдік арқылы емес, электронды сауда алаңы арқылы өндірушіден тікелей сатып алады. Тиісінше бағаны нарық реттейді.

«2022 жылғы қаңтарға өнім берушілер Маңғыстау облысы үшін өндірушілерден 17 406 тонна сұйытылған мұнай газын (жеткізу жоспары бойынша бөлінгендерден 96,5%) сатып алды. 20-24 желтоқсан аралығында электрондық сауда алаңында (ЭСА) бес сауда сессиясы өткізілді, оның барысында сұраныс пен ұсыныс негізінде сұйытылған мұнай газының бағасы қалыптасты», – делінген хабарламада.

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ҚАНША КӨЛЕМДЕ СҰЙЫЛТЫЛҒАН ГАЗ ТҰТЫНАДЫ

Жалпы Маңғыстау облысының сұйытылған мұнай газына деген айлық қажеттілігі 19 мың тонна, оның 14,5 мың тоннасын Жаңаөзен қаласында орналасқан Қазақ газ өңдеу зауыты (ҚазГӨЗ) қамтамасыз етеді. Қалған көлем Атырау мұнай өңдеу зауытынан облысқа жеткізіліп тұрады.

Мәселен, Маңғыстау облысына қаңтар айында сұйытылған газды жеткізудің орташа көтерме бағасы тоннасына 133 126 теңгені немесе литріне 78 теңгені құрады.

Бұл ретте бөлшек сауда бағасы Ақтау, Жаңаөзен қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау ауданында литріне 100-120 теңгені құрады.

Министрліктің тағы бір уәжі, шығынға жұмыс істеген мұнай-газ өңдейтін зауыттар технологияны жаңғыртуға қаражат бөле алмаған. Енді нарықтық баға арқылы пайда тапса, зауыттардың өндірістік қуаты артады.

Айтпақшы, тапшылық демекші, көрші елдерде жанар-жағармай бағасы бізден қымбат. Елдегі сұйық отынды көрші елдерге қымбатқа сатып жіберетін экспортерлер кесірінен Қазақстанда жылда дефицит болды.

МАҢҒЫСТАУДАҒЫ ОРТАША АЙЛЫҚ 

Ulysmedia мұнай-газ саласының компетентті мамандарынан Жаңаөзенде кешеден бері болып жатқан жағдайға орай пікірлерін сұрастырды.

Энергетика министрінің штаттан тыс кеңесшісі, сарапшы Олжас Байдилдиновтің айтуынша, Қазақстан 2019 жылдан бастап биржалық сауда-саттық үлесін арттып келе жатыр.

«Рұқсат етілмеген митинг барысында бір нәрсенің бағасын төмендетуді талап ету - популизм. Сұйытылған газ – бұл биржалық өнім және Қазақстан 2019 жылдан бастап осы сауда-саттық үлесін ұлғайтты. 2022 жылдан бастап сұйытылған газ көлемінің 100% - ы электрондық сауда алаңдарына ауыстырылатын болады. Яғни, баға ашық және таза сауда болады деген сөз. Әр адам сұйытылған газға немесе басқа да мұнай өнімдеріне жасалған сауда-саттықтың нәтижелерін қарауға ets.kz сайтына кіре алады», - дейді маман.

Оның айтуынша, Маңғыстау облысында жалақы ел бойынша жоғары, ал нақты Жаңаөзендегі жалақы республикалық деңгейден 2 есе жоғары. Яғни, 2021 жылғы III тоқсанда жалақы деңгейі 505 мың теңгеге жеткен.

«Осындай жағдайда митингшілер бағаны Қазақстан бойынша 2 есе төмен төмендетуді талап етіп отыр», – деді ол. 

СҰЙЫТЫЛҒАН ГАЗҒА  БІР КӨЛІК ҚАНША ТЕҢГЕ ЖҰМСАЙДЫ

Маман маңғыстаулықтар сұйытылған газға ай сайын қанша теңге жұмсайтынын естептеп берді.

«Мен бұл сандарды әрдайым келтіремін: айына 1 000 км автокөлік жүрген кезде газбен жабдықталған автокөлік  литріне 120 теңге бағамен шамамен 120 л немесе айына 14-15 мың теңге жұмсайды. Қарапайым втокөлік иелері, әсіресе қаладағы бюджеттік инфузияны ескере отырып, айтарлықтай айырмашылықты сезбейді», - дейді ол

Әрине, Олжастың пікірімен нарықтағы таза бәскені қолдайтын экономистер келіседі. Басқа да салаларда проблема болмаса, сұйытылған газ бағасының бұлай өзгеруі халыққа қатты батпас па еді. Бұл жерде бір ғана газ емес, жаппай қымбатшылық жан-жақтан қыспаққа алғаны белгілі.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда сұйытылған газдың бағасы өңірде де, әлемде де ең төмен. Global Petrol Prices мәліметтері бойынша 27 желтоқсанда мұнай өндіретін Әзірбайжанда литр 166 теңге, Ресейде - 182, Қырғызстанда - 203, Беларусьте - 212, Грузияда - 275, Украинада-303 теңге тұрады. Жанармай бағасы өседі, оған дайын болу керек, бұл жаһандық және аймақтық үрдіс. Жаңаөзен-Қазақстанның бір бөлігі. Егер елде газдың көтерме бағасы 90 теңгеге жақындаса, жалғыз Жаңаөзенде сұйық отын литріне 60 теңге болуы мүмкін емес»,- деп түйіндеді ойын сарапшы.

АШЫҚ ТАЛҚЫЛАУ ЖЕТІСПЕЙДІ

Ал экономист Расул Рысмамбетов дегенмен асығыстық болғанын айтады. Оның ойынша, біріншіден халыққа түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілуі керек еді.

«Менің ойымша, Жаңаөзен біріншіден Қазақстандағы «мінезді» өңір, екіншіден, жанармай бағасы 1,5 есеге өсіп кеткен елдімекен. Жанармай бағасын нарық қалыптастырады, бұл жерде бәрі дұрыс. Алайда, 1,5 есе көтеру таңқаларлық жағдай. Сіз жанармай бағасын көтере аласыз, бірақ үш шартты сақтау қажет.

Біріншісі - дұрыс ақпарат беру және халықты алдын ала құлақтандыру.

Екіншіден - сұйытылған газға баға белгілеудің толық ашықтығы (қайда, қанша және т.б.), кім өндіреді, кімге сатады, қандай бағамен және қандай компаниялар, олар кімге тиесілі.

Ал үшінші, бұл, бәлкім, жайлап көтеру, ең болмағанда 75-85 тг болса, ал баға бірден 60 теңгеден 120 тг секіреді. Бұл ешкімге пайда әкелмейді, ешкім дәл Жаңаөзенде баға өсіру арқылы миллиардтаған пайда таппайды, бірақ бұл адамдар арасында алаңдаушылық туғызу үшін әдейі жасалып жатқандай сезім туғызады», - дейді ол.

ГАЗ БАҒАСЫН СУБСИДИЯЛАУ КЕРЕК

Экономист тек мұнайға тәуелділік түбі жарға жығатынын оншақты жылдан бері айтумен келеді.

«Осыған ұқсас жағдай Жаңаөзен мен Маңғыстауда 10 жыл бұрын да , 5 жыл бұрын болды. Жаңаөзен оқиғасынан бері ешкім мұнай мен газға тәуелділіктен арылу керектігін айтқан сарапшыларды тыңдамады. Мен өзім осы сарапшылар тобының құрамында болдым, ауыл шаруашылығын дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу керек. 10 жыл тағы босқа өтті де кетті», - деген пікірде ол.

Сарапшы мәселені ушықтырмай тездетіп шешудің бір жолын ұсынды. Осы ойы ақылға қонымдырақ секілді. Бірақ арзан газ көрші елдерге сатылып кетпеуді қатаң қадағалау керек болады.

«Егер біз бағаны біртіндеп көтеретін болсақ, онда тұтынушылар үшін газ бағасын субсидиялауға тура келеді. Субсидиялайтын болсақ, онда мұны біріншіден, ұзаққа созбау керек, екіншіден, қандай да бір топтарға осы субсидияланған газды өңірден тыс жерлерге шығаруға жол бермеу керек. Айта кету керек, Жаңаөзен көпшілік мұнай саласында жұмыс істейтін моноқала. Қазақстанда мұнай, металлургия сияқты бір салаға байланған бірнеше қала бар. Біз бұл мәселені бір ғана қала емес, тұтас мемлекет деңгейінде шешуіміз керек», – деп түйіндеді ойын Рысмабетов.

ТҮЙІН

Жергілікті билік дәл қазір халықты сабасына түсіру үшін, Президент ұстанған халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидасын басшылыққа алып көтерме бағадан артық соманы субсидиялау жолдарын қарастыруы керек сияқты. Ол үшін Мәслихатқа тездетіп ұсыныс жолдап, өңір бюджетінен қаражат бөлуді қолға алу керек. Өйткені, отандық өңдеуші зауыттарды өнімді өз құнынан төмен бағаға сатып, шығынға батуға итермелеу де жөнсіз. Сондай ақ, министрлік, зауыттар, қоғам өкілдерінен құралған комиссия жасақталып, барлық жағдайды ел-жұртқа ашық жеткізу жұмыстары шұғыл жолға қойылуы тиіс. 

Серіктес жаңалықтары