Маңғыстау облысының шенеуніктері элиталы автокөліктерді сатып алу мен жөндеуге жарты миллиард теңгеге жуық қаржы бөлуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы todayinfo.kz сайтына сілтеме жасап.
Өңір әкімдігі өз автопаркін күтіп-ұстау мақсатында жүздеген миллион теңгенің тендерін өткізеді. Қызметтік көліктерді күрделі жөндеуден өткізуге 136 миллион теңге, ал облыстық полицияға арналған жаңа люкс көліктерді сатып алуға 333 миллион теңге бөлінген. Жалпы шығын жарты миллиард теңгеге жақындап тұр.
4 сәуірде басталатын тендер талаптарына сәйкес, әкімдік істер басқармасының балансында тұрған 23 көлік күрделі жөндеуден өтпек. Әңгіме ескі «Жигули» туралы емес — тізімде премиум-класс көліктер: Toyota Land Cruiser 200, Camry 70, Kia Cerato, Mohave, Chevrolet Malibu, Toyota Hiace, тіпті ГАЗель де бар.
2018 жылғы Land Cruiser 200-ге қозғалтқышты, тежегіш жүйесін, аспа бөлігін, дыбыс өшіргішті және басқа да көптеген тетікті ауыстыру қажет — ақаулар тізімі оны жөндеуге емес, есептен шығаруға лайық техникаға көбірек ұқсайды. Бұған қоса, төрт бірдей Camry 70 де күрделі жөндеуді қажет етеді — кейбірінің қозғалтқышы ғана емес, автоматты беріліс қорабы да жаңартылуы керек.
2010 және 2005 жылғы Toyota Hiace көліктері де жөндеу сипаттамасы бойынша соңына дейін тозған техникаға ұқсайды. Біріне қозғалтқыш, механикалық қорап, кардан, редуктор, радиатор мен дөңгелектер керек болса, екіншісіне мұның бәрімен қоса есіктерін де ауыстыру қажет екен.
Бұған қоса, 2014 жылғы Chevrolet Malibu, сондай-ақ Kia Mohave мен Cerato көліктері де толық күрделі жөндеуді қажет ететін жағдайда деп көрсетілгені таң қалдырады. Бұл көліктердің техникалық жай-күйі шын мәнінде соншалықты мүшкіл ме, әлде жасанды қажеттілік пе — бұл енді бөлек мәселе.