Бүгін Маңғыстау облысының Мұнайлы аудандық соты Бесшоқы ауылындағы мектеп асханасына тамақ жеткізумен айналысқан жеке кәсіпкер — "Шакенова Д" жеке кәсіпкерлігіне қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Lada.kz мәліметінше, іс қылмыстық кодекстің 304-бабының 1-бөлігі бойынша қаралды. Бұл бап — санитарлық нормаларды немесе гигиеналық талаптарды бұзу арқылы абайсызда жаппай улану, жұқтыру немесе сәуле алу жағдайына себеп болуды қамтиды.
ТЕРГЕУ БАРЫСЫ
Тергеу барысында кәсіпкердің қоғамдық тамақтану саласындағы қызметі кезінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды өрескел бұзғаны анықталған. Соның салдарынан мектеп асханасында 182 оқушы уланған.
ТАРАПТАР НЕ ДЕЙДІ
Мемлекеттік айыптаушы кәсіпкерді кінәлі деп танып, оны 2 жыл бас бостандығынан айыруды және 3 жылға қоғамдық тамақтану саласында кәсіпкерлікпен айналысу құқығынан айыруды сұрады. Зардап шеккен тараптардың өкілдері де осы бапқа сай жазалау шараларын қолдануды сұраған.
Ал айыпталушы мен оның қорғаушысы кінәні толық мойындамай, соттан ақтауды өтінген.
КІНӘ ҚАЛАЙ ДӘЛЕЛДЕНДІ
Кәсіпкердің кінәсі сотта мына дәлелдермен расталды: сараптама қорытындылары, оқиға орнын қарау хаттамасы, беттестіру барысында алынған жауаптар, куәгерлер мен жәбірленушілердің түсініктемелері, басқа да материалдар.
ЖАЗАНЫ ЖЕҢІЛДЕТУГЕ БОЛА МА
Сот жазаны тағайындау кезінде кәсіпкердің бұрын сотты болмағанын ескеріп, бұл жайтты жеңілдететін мән-жай ретінде бағалады. Ал ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ.
СОТ ШЕШІМІ
Сот кәсіпкерді кінәлі деп танып, оған 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, 3 жыл 6 айға қоғамдық тамақтану саласында кәсіпкерлікпен айналысу құқығынан айырды.
Айта кетейік, бұл үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, 2024 жылдың 7–13 қыркүйегі аралығында Мұнайлы ауданындағы Бесшоқы елдімекеніндегі №8 жалпы білім беретін мектепте жаппай асхана тағамынан улану тіркелген болатын. Сол кезде 460 бала зардап шекті. Кейін мектеп асханасының қызметкерлерінен стафилококк инфекциясы табылды.
Осы оқиғадан кейін Ақтау мектептеріндегі оқушыларға ұсынылатын тамақ сапасын тексеру жұмыстары қолға алынатыны хабарланған.