×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

Президент туған қаласы Алматыны жақсарту азаматтық парызы екенін жеткізді

12.01.2022, 16:50
Президент туған қаласы Алматыны жақсарту азаматтық парызы екенін жеткізді
Фото: Ақорда сайты

Оңтүстік астанада жедел штаб отырысын өткізген Президентке қосымша күштер, соның ішінде ҰҚШҰ бітімгерлік контингентінің күштерін жұмылдыруға қатысты берген тапсырмасының нәтижесінде Алматы қаласы лаңкестерден толық тазартылғаны туралы баяндалды деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ақорданың мәлімдеуінше, қазіргі уақытта қала тіршілігін қамтамасыз ететін барлық саланың жұмысын қалпына келтіру белсенді жүріп жатыр.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, қаланы жылу, электр қуаты, су және газбен қамтамасыз ететін барлық нысан қалыпты жұмыс істеуде. Сауда орталықтары, қоғамдық тамақтану орындары, базарлар, жанармай бекеттері және өнеркәсіп орындары жұмыстарын жандандыруда, қоғамдық көлік іске қосылған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа зардап шеккен әкімшілік ғимаратында 14 қалалық басқарма болғаны, қазіргі уақытта олардың резервтік ғимараттарға, сондай-ақ әкімшілікке қарасты ұйымдарға орналастырылғаны жөнінде ақпарат берілді. Бұдан бөлек тәртіпсіздік кезінде келтірілген шығын көлемін анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Мемлекет басшысы еліміздің ірі қаласына жасалған террористік шабуыл салдарын өз көзімен көру үшін Алматыға арнайы келгенін айтты.

Президент Үкіметтік комиссияға Алматы қаласының әкімдігімен бірлесе отырып, инфрақұрылым нысандарын, оның ішінде мемлекеттік, құқық қорғау және арнаулы құрылымдардың ғимараттарын, бейнебақылау жүйесін қысқа мерзім ішінде қалпына келтіруді тапсырды.

Сонымен қатар зардап шеккен кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі.

– Өздеріңізге мәлім, Алматы – менің туған қалам. Осында дүниеге келдім, оқыдым. Алдымызда қысқа мерзім ішінде қаланы қалпына келтіру міндеті тұр. Бұл – менің Президент ретінде және еліміздің азаматы ретінде парызым. Қаланың қалпына келетініне еш күмән жоқ. Үкіметтің алдында қаланың келбетін бұрынғыдан да жақсарту міндеті тұр. Бұл өте үлкен жұмыс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы алда ҰҚШҰ бірлескен бітімгерлік контингентінің бөлімшелерін қайтару жұмыстары жүргізілетінін айтты.

– Ертең ҰҚШҰ бірлескен бітімгерлік контингентін елден шығару жұмыстары басталады. Мен тиісті мемлекеттердің басшыларымен сөйлестім. Осы сәтті пайдаланып, осы бірнеше күнде жүргізген ауқымды жұмыстары үшін   контингенттің басшылығына алғыс айтамын. ҰҚШҰ бітімгерлік контингентінің Қазақстанға, соның ішінде Алматыға келгені жалпы еліміздегі жағдайды тұрақтандыруда үлкен рөл атқарды.  Бұл әрекеттердің лаңкестер мен содырлардың агрессиясын қайтаруда үлкен психологиялық маңызы болғаны сөзсіз. Миссия өте сәтті өтті. Менің әріптестеріме, ұйымға мүше елдердің басшыларына үлкен алғыс білдіремін, – деді Президент.