×
$
441.91
€
499.05
₽
5.3
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
441.91
€
499.05
₽
5.3

"Не соғысқа барасың, не 15 жылға сотталасың": Ресейге жұмысқа кеткен қазақстандықтар көмек сұрады

Бүгін, 12:05
"Не соғысқа барасың, не 15 жылға сотталасың": Ресейге жұмысқа кеткен қазақстандықтар көмек сұрады
Ulysmedia коллажы

Ресейге жұмыс істеуге кеткен бір топ қазақстандық елге оралуға көмектесуді сұрап, үндеу жасады. Олардың айтуынша, нәпақа табу үшін барған азаматтарды жұмыс берушілер алдап, соғысқа жібермек болған. Қазір олардың кейбірі Ресейдегі полигонда отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Алматы тұрғыны Перизат Елеусізованың 19 жастағы ұлы Айнабек Келдебек Ресейге осыдан бір ай бұрын жұмыс істеуге кеткен. Әскерден кейін ломбардта күзетші болып жұмыс істеген жігітті көршілес елге достары шақырған.

Алғашында анасы ұлының Ресейге баруына қарсы болған. Алайда кейін оның шешіміне келісіп, шығарып салған. Бір аптадан соң баласының жұмысқа емес, соғысқа жіберілуі мүмкін екенін білген.

– Кеше хабарластық. “Анашым мені құтқарыңызшы. Қашан келеді екен. Қашан не қылады екен” де жатыр. “Балам, жан-жаққа шығып жатырмын. Қолымнан келгенше әрекет жасап жатырмын. Сәл шыдай тұр” дедім. “Онда қашып шығайын ба?” дейді. Оған “Қашып шықпа, отыра тұр” дедім. Анау күні естіп жатырмыз. Бір бала қашам дегенде аяғына оқ тиген екен, – дейді Перизат Елеусізова.

Оның айтуынша, орыс тілін білмейтін Айнабек күзет агенттігінде жұмыс істеуге келістім деп тиісті құжаттарға қол қойған. Алайда кейін оны жұмысқа шақырған адамдар соғысқа жіберетінін айтқан.

Айнабекпен бірге Ресейге барған тағы бірнеше қазақстандықтың да осындай жағдайға тап болғаны белгілі болды. Олар үндеу жазып, елден көмек сұрады.

Қазақстан азаматы Айнабек Келдебек қалай алданғанын өзі де айтып берді.

– Мен бұл жерге алданып келіп қалдым. Барыс күзет агенттігі. Дос балам айтқан. Дос балам үшеуіміз келгенбіз. Бізге жұмыс істейсіңдер деді. Сосын біз алданып қол қойдық. Сосын бізге болды сендер соғысқа кетесіңдер деді. Не соғысқа, не 15 жыл түрмеге қамаласыңдар деді. Қорыққанымыздан амал жоқ келіп қалдық, – деді ол.

Қазақстандық жігіт елге қайтқысы келетінін жеткізді.

– Өзіміздің жерімізде не болса да құдай сақтасын өлген жақсы, басқа елде соғысқанша, – деді Айнабек Келдебек.

Жігіттің анасы ұлымен күн сайын байланысып отырғанын айтады. Оның сөзінше, Айнабек қазір полигонда.

– Қазіргі таңда күнде хабарласады. Жанайқайы шығып, жылап балам құтқарыңызшы анашым деп. Қазір сол полигонда отыр екен балам, – дейді Перизат Елеусізова.

СІМ не дейді?

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға қатысты Ресей тарабына дипломатиялық нота жолданғанын хабарлады.

– Бұл мәселе бойынша Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық нота жолданды. Ресей тарапымен тиісті жұмыс жалғасып жатыр. Жұмысымыздң нәтижелері бойынша қосымша хабарлаймыз, – деп мәлімдеді ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысының тұрғыны Сүндет Пернебек те жұмыс істеу үшін Ресейге кеткеннен кейін із-түзсіз жоғалған еді. 26 жастағы жігіт ата-анасының несиесін жабу үшін көрші елге барған. Кейін оның Украина жариялаған тізімнен қаза тапқандар қатарында болғаны анықталған.