Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының Жымпиты ауылында өрт шығып, бес баланың өмірін жалмап кетті. Оқиға 4 маусым күні күндіз тіркелген. Өрт туралы дабыл құтқару қызметіне сағат 15:03-те түскен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Өрт Жымпиты ауылындағы Қ. Сағырбаев көшесі, 8-үйде басталған. Өрт сөндірушілер оқиға орнына сағат 15:09-да жеткен кезде үйдің шатыры опырылып түскен, ғимарат түгел отқа оранып, аспанға қою қара түтін көтеріліп жатқан. Құтқарушылар тобы үш минут ішінде үй ішіндегі адамдарды сыртқа шығарып үлгерген. Алайда балалар ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілгенімен, өкінішке қарай, бес бүлдіршінді аман алып қалу мүмкін болмады. Ең кенжесі 2023 жылы туған – жасы әлі екіге де толмаған.
Қайтыс болған балалардың ата-анасы мен жақын туыстары ауыр психологиялық күй кешіп отыр. Қайғылы оқиға орнында қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдалиев, Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов, сондай-ақ прокуратура мен жергілікті полиция өкілдері жұмыс істеп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың өліміне иіс тию себеп болуы мүмкін. Жекеменшік үйдегі өрттің нақты себебі мен мән-жайы анықталып жатыр. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев те мәлімдеме жасап, қара жамылған отбасыға көңіл айтты.