Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Астанада шетелдіктерді заңсыз тіркеумен айналысқан күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Күдікті арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жалған құжаттарды пайдаланып, жақын шет елдерден келген ондаған азаматқа Қазақстанда уақытша тұруға рұқсатты заңсыз рәсімдеген.
Тінту барысында дайын медициналық бланктер, мөрлер, электрондық тасымалдағыштар және қызметке қатысты басқа да құжаттар тәркіленген.
ОҚУ ОРНЫНДАҒЫ ҚЫЛМЫС
Одан бөлек елордадағы оқу орындарының бірінде шетелдіктерді заңдастыру бойынша ұқсас қылмыстық схема анықталды.
Оқу орнының екі қызметкері алыс шетелдің 68-ден астам азаматына жалған оқу шақыруларын рәсімдеген. Кәсіпкермен шетелдік студенттерді тарту туралы жалған келісім жасап, оқу процесін "қолдан" ұйымдастырған. Осы құжаттар негізінде шетел азаматтары Қазақстанға кіріп, заңсыз жұмыс істеген.
- Аталған фактілер бойынша "заңсыз көші-қонды ұйымдастыру" бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Биыл осындай сегіз заңсыз арна анықталып, жойылды. Заңсыз көші-қонмен күрес — Ішкі істер министрлігінің басым бағыттардың бірі, - деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.