Жақында балалар жаппай уланған жекеменшік бассейннің басшысы ұсталды. Енді ол Атырау қаласының тергеу сотының қаулысымен бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақта отырады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛҒАН
Оқиға қала тұрғындары жиі баратын акваорталықта болған. Куәгерлердің айтуынша, бассейн ішіндегі хлор иісі күрт күшейіп, су лайланып кеткен, ал балалар жөтеліп, есінен тана бастаған. Ата-аналар балаларды қолдарына көтеріп сыртқа алып шыққан, оқиға орнына дәрігерлер мен төтенше жағдайлар қызметі келген.
ДӘРІГЕРЛЕР НЕ ДЕЙДІ
Дәрігерлердің мәліметінше, хлордан 15-тен астам адам зардап шеккен, олардың басым бөлігі балалар. Үшеуі ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жеткізілген. Алдын ала мәлімет бойынша, төтенше жағдайға хлорқұрамды заттардың мөлшерін дұрыс есептемеу себеп болған.
БАССЕЙН БАСШЫЛЫҒЫ НЕ ДЕП АҚТАЛДЫ
Бассейн иелері суды тазарту жүйесінде ақау болғанын мойындады. Atyrau ONLINE мәліметінше, оқиғадан кейін нысан жабылып, ТЖД мен прокуратура тексеріс бастаған. Тергеу жалғасып жатыр. Тергеу жүріп жатқан уақытта бассейн басшысы үйқамақта болады. Оның неге тергеу изоляторына қамалмағаны белгісіз.