Түркістан облысында қызғанышқа булыққан күйеуі әйелін балталап тастады. Он төрт жыл отасқан жұбайын аямай өлтірген Қарамұрт ауылының тұрғыны қанды қылмыстан соң өзі де бақилық болған. Сұмдығы сол ата-анасының қанға боялған жансыз денесін таңертең мектепке жиналған балалары көріпті. Бір түнде жетім қалған 4 перзент қазір балалар үйінде, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қанды қылмыс Сайрам ауданындағы шаңырақта болған. Бір сәтте қызы мен күйеу баласынан айырылған Мырқадиевтер отбасы үш күннен бері қайғыдан қан жұтып отыр. Таңертең мектепке жиналған 13 жастағы қыз үйден шыға бере анасының қан-жоса болған денесін табады. Шыңғырып жіберген оның дауысын көршілері естіп, келген екен.
- Бас жағы қан-қан. Балта ма, бір нәрсемен ұрған. Немен ұрғанын білмедік. Кейін тексергенде балғаны тауып алдық. Басынан балғамен ұрған екен. Балғамен ұрып жарған. Күйеуінің өзі дәретханада асылып жатыр екен, – дейді марқұмның ағасы Мырзакерім Мырқадиев.
“ДЕНЕСІНІҢ САУ ТАМТЫҒЫ ҚАЛМАҒАН”
Беті ғана емес денесінің сау тамтығы қалмаған келіншек аулада ішкі киіммен ғана жатқан. Қара жамылған отбасы 45 жастағы әйелдің денесін жууға кіргенде танымай қалғандарын айтады.
- Шаштары жұлынған. Қанмен қатып қалған. Басы қоқыс, шөппен бірге қатып қалған. Арқасына шағал құм кіріп кеткен. Отырғызып, тазалап жуайын деген кезде қолыма шағал құмдар батты. Жудық. Қайта-қайта жудық. Беттерін айтпай-ақ қояйын. Адам танымайды. Денесінің сау жері жоқ. Сүйреген кезде барлық жағын сыдырып кеткен, – дейді марқұмның әпкесі Мухаббат Мырқадиева.
ҚЫЗҒАНЫШ
Туыстарының сөзінше жанжалдан басталып, өліммен аяқталған жағдай түнгі бірлер шамасында болған. Анасының мәйітін таңғы алтыда көрген үйдің тұңғышы дереу көмекке шақырып әкесін іздеген. Өкініштісі сол телефон дауысы дәретханадан шығып, ол жақтан екінші мәйітті көреді. Марқұм соңғы сөзін үнтаспа күйінде қалдырыпты.
- “Мен өз әйеліме қол жұмсадым. Себебі зина көбейіп кетті деді. Маған да айтты біреулер, мына көлікте қарындасым жүр деп айтты. Содан кейін мен сондай істедім” деді. Қызғаныштан болып жатыр ғой. Өзі ұстап алғанын білмеймін, – дейді марқұмның ағасы Мырзакерім Мырқадиев.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ
Ділнара Мырқадиеваның туыстары күйеу баланың сөзін дәлелсіз қауесетке балайды. Қазір бұл жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.
- Алдын ала мәліметтер бойынша, жергілікті тұрғын үй жағдайында жұбайына дене жарақатын салған. Салдыранын ол қайтыс болған. Осы оқиғадан соң ер адам қылмыстың себептерін сипаттаған аудиожазба қалдырып, өзін-өзі өлтірген, – дейді Түркістан облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі.
БАЛАЛАР
Ерлі-зайыптының артында 1 қыз үш ұлы қалды. Тұңғышы 13 жаста болса, кенжесі 3,5 да. Біреуінің мүмкіндігі шектеулі. Қара жамылған отбасы марқұм күйеу баланың тұрақты жұмысы болмағанын, ал оның әйелі бала күтімімен үйде отырғанын айтады.