×
541.01
640.34
6.52
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
541.01
640.34
6.52

«Бастық» полицей жоғары лауазымды судьяның көлігіне соғылды: Шымкенттегі жол апатының тарихы

Бүгін, 08:31
«Бастық» полицей жоғары лауазымды судьяның көлігіне соғылды: Шымкенттегі жол апатының тарихы
Ulysmedia.kz коллажы

Бұл жол апатының тарихы заң мен әділдік жайлы сериалдың сценарийіне арқау болар еді. Тек бәрі экранда емес, Шымкент көшелерінде, көктемгі мерекенің қызған шағында болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖОЛ АПАТЫ

Түркістан облысы Түлкібас аудандық полиция бөлімінің бастығы Бекарыс Сұлтанов 8 наурыз мерекесімен анасын құттықтауға келген. Алайда мерекелік көңіл-күй оқыс оқиғаға ұласты: ол Lexus LX 570 көлігімен Hyundai Tucson-ға соғылды. Ррөлде жай жүргізуші емес, Шымкент қалалық сотының судьясы Бахтияр Насирдинов отырған болып шықты.

Апатқа ұшыраған екі көлік қатты зақымданды, судья жеңіл жарақат алды. Бірақ оны одан да қатты мазалағаны – моральдық қолайсыздық еді: күнде-күнде Фемида өкілі жол апатында жапа шегуші рөлінде жүре бермейді ғой. Ал Бекарыс Сұлтановты не шені, не қызметі құтқара алмады – әріптестері бәрін заңға сай рәсімдеді. Бірінші сатыдағы сот оны кінәлі деп танып, 157 мың теңге айыппұл салды. Алайда жәбірленуші мұнымен келіспеді. Насирдинов апелляция берді. Қызығы сол, істі қарау оның «өз» сотында, яғни Шымкент қалалық сотында өтті.

ОҚИҒА ҚАЛАЙ АЯҚТАЛДЫ

Апелляциялық алқа әлдеқайда қатаң шешім қабылдады, жазда ол айыппұлды басқа жазаға алмастырды. Полицейді алты айға жүргізуші куәлігінен айырды. Әдетте жолдарда билік айтатын бөлім бастығы аяқ астынан жаяу жүргіншіге айналды.

Жазадан құтылуға оның еш мүмкіндігі болмағаны анық: Бахтияр Насирдинов – сот жүйесінде салмақты тұлға, ал оның туған ағасы Ғалымжан – Қазақстанның әскери сотын басқарады.

Біздің деректер бойынша, апаттан кейін Сұлтанов бөлім бастығы қызметінен айырылған, бірақ ішкі істер органдарында жұмысын жалғастырып жүр. Дегенмен, бұл мәліметті растау мүмкін болмады: Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметі жағдайға түсініктеме беруден қысқа ғана түрде бас тартты.

Серіктес жаңалықтары