Тергеу изоляторында отырған блогер Миршат Сәрсенбаев аштық жариялады. Ол бұл қадамын қамаудағы жағдайға және медициналық көмектің көрсетілмеуіне қарсы наразылық ретінде жасап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Аштық жариялау себебі
Тобол инфо мәліметінше, Сотталушы Миршат Сәрсенбаев журналистерге берген сұхбатында екінші күн қатарынан тамақ та, су да ішпей, дәрі-дәрмегін де қабылдамай отырғанын айтты.
– Мені екі күннен бері медблокқа шығармайды, ал колония бастығы уәде еткен еді. Қан қысымымды өлшей алмай жүрмін, мен гипертоникпін. Сондай-ақ қант диабетінің екінші түрімен ауырамы. Маған қысым көрсетілуде. Бұл тамыз айының соңында болған жауап алудан кейін басталды. Сол кезде мекемеде өрт дабылы мен өрт сөндіргіштердің жоқ екенін айтқан едім. Осыдан кейін маған «күні бойы ұйықтап жатады» деген секілді жалған айыптар тағыла бастады. Бұзушылық туралы қаулылардың көшірмесін де бермейді.
Сәрсенбаев мұның бәрін өзінің белсенділігі үшін кек алу деп санайды.
«Адам төзгісіз жағдайлар»
Блогердің айтуынша, ол кеше тәртіптік изоляторға жабылған. Ондағы жағдайды «адам төзгісіз» деп сипаттайды: таза су жоқ, камералар суық әрі ылғалды, әжетхана бейнабақылау астында орналасқан. Бұған қоса, оны кешкі астан және серуеннен айырған.
Сәрсенбаев бұған дейін де қысым көргенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, наурыз айында оны соққыға жығып, алғаш рет тәртіптік изоляторға қамаған. Қазір одан ақша талап етіп, үкімдері шыққан сотталғандармен бірге бір камераға отырғызып қойғанын жеткізді.
Соттағы мәлімдемелер
Кезекті отырыстан кейін Сәрсенбаев жедел жәрдем шақыруға ниет білдірді, өйткені тергеу изоляторында медициналық көмек ала алмай отырғанын айтты. Оның қорғаушылары да бұл заңбұзушылықтар туралы судьяға баяндады.
Қайдан басталған іс?
Еске салсақ, Қарабалық тұрғыны Миршат Сәрсенбаев бірнеше жыл бойы «Неудобные вопросы Миршата Сарсенбаева» атты YouTube-арна жүргізіп келген. Ол өзіне жүгінген тұрғындардың мәселесін көтеріп, видеолар түсірген.
2025 жылдың 15 ақпанында ол Қарабалық құс фабрикасының қоқысқа қатысты мәселесін жариялап, қоғамда үлкен резонанс тудырды. 20 ақпанда Сәрсенбаев ұсталып, 22 ақпанда сот оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын белгіледі. Алайда прокуратура келіспей, шағым түсірді. Нәтижесінде блогер қамауға алынды.
Айыптау мен қорғау позициясы
Сәрсенбаевқа Қылмыстық кодекстің 194-бабы, 4-бөлімі, 2-тармағы («Аса ірі көлемде қорқытып алу») бойынша айып тағылған. Жәбірленуші тарап – құс фабрикасының басшылығы.
Ал блогердің өзі мен туыстары бұл айыптауды жоққа шығарып отыр. Олардың айтуынша, Сәрсенбаев ешқашан ақша алмаған және талап етпеген, бейнероликті тек мәселені жария ету үшін түсірген.