Абай облысында фермерлер дабыл қағуда: аш аюлар бірнеше ауылда үй жануарларына шабуылдай бастаған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жыртқыштар тіпті жайылымға шығып, сиырларға тап беріп, қораларды қиратып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ауыл тұрғындарының сөзінше, ең көп зардап шегіп отырған – Жарма ауданы. КТК мәліметінше, ауыл тұрғындары егістіктен жараланған немесе өлі малды жиі тауып жүр. Олардың айтуынша, аюлар екінші жыл қатарынан малшыларды үрейде ұстап отыр. Биылғы жазда кейбір шаруашылықтар бірден бірнеше бас малынан айырылған. Жыртқыштар кемінде бес ауылдың маңынан байқалған.
Ауыл халқы жағдай ушығып кетпей тұрғанда билік тарапынан шара қолдануды сұрайды. Жарма ауданы әкімінің орынбасары Берік Самежановтың мәлімдеуінше, мәселені шешу үшін арнайы комиссия құрылған. Оның құрамына 28 адам кірді: жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері, тиісті қызметтердің басшылары, сондай-ақ аңшылық билеті мен қаруға рұқсаты бар азаматтар.
Билік қосымша көмек көрсету үшін кәсіби аңшыларға да жүгінгенін хабарлады.