Қызылорда қаласында 15 жастағы мектеп оқушысы пышақ жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, жеткіншектің іші мен кеуде тұсы жараланған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Куәгерлердің сөзіне қарағанда, оқиға күндіз, адамдар көп жүретін уақытта болған. Жанжал жоғары сынып оқушысы мен колледж студентінің арасында туындап, сөз таласы төбелеске ұласқан. Сол сәтте олардың бірі екіншісіне пышақ сұғып алған.
Информбюро31 мәліметінше, күдікті көп ұзамай ұсталып, қамауға алынды. Ал жарақат алған оқушы №267 мектептің оқушысы екені белгілі болды. Мектеп әкімшілігі болса, қанды оқиғаның сабақтан тыс уақытта болғанын айтып, бұл жағдайдың оқу процесіне қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Қазір полиция істің мән-жайын анықтап жатыр.
- Кәмелетке толмаған жасөспірімге қасақана ауыр дене жарақатын келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Кәмелетке толмаған күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді Қызылорда облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Серік Тоқтыбаев.