Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында 12 адамның өмірін қиған жол апатынан кейін үш күн бойы қаралы қоштасу өтті. Қайтыс болғандардың арасында екі көліктің жүргізушісі мен «Газельдегі» 10 жолаушы бар, олардың ішінде 3 және 9 жастағы балалар да болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
diapazon.kz басылымының мәліметінше, үш жастағы бала әкесімен бірге қаза тапқан, ал 18 жастағы студент – анасымен бірге көз жұмған. Марқұмдардың арасында үйіне қайтып бара жатқан жас дәрігер де болған. Қайтыс болғандардың жетеуі Жүргенов атындағы ауылдың тұрғындары.
ЖОЛ АПАТЫ
«Газель» Ақтөбе бағытында жолаушылар тасымалымен айналысқан. 23 қазан күні таңертең шағын автобус Жүргенов ауылынан шыққан бойда Самара – Шымкент тас жолында DAF жүк көлігімен соқтығысқан. Алдын ала мәлімет бойынша, жүк көлігі қарсы жолаққа шығып кеткен.
Жергілікті тұрғындар қайғыға ортақтасып, көз жұмғандарды еске алды. Солардың бірі, ауыл тұрғыны Асқар Қүздеуов таныстарының, соның ішінде тәжірибелі жүргізушінің де қаза болғанын айтты.
– Бұл – бүкіл аудан үшін орны толмас қаза. Бір жыл бұрын да дәл осы жолда футбол турниріне бара жатқан 8 бала мен ересек адам қаза тапқан еді. Енді міне, тағы бір ауыр жағдай. Қаза тапқандардың арасында менің жездем де бар. Ол зейнеткер еді, садақаға бара жатқан. «Газельдің» жүргізушісін де жақсы танимын – екеуміз көрші ауылданбыз. 60-тан асқан, көп жыл автобус пен КамАЗ айдаған тәжірибелі адам болатын. Жұбайы қайтыс болып кеткен, балалары басқа қалаларда тұрады. Өзі қаланың маңына көшіп, аудан орталығынан Ақтөбеге қатынап жүрген. Өте сабырлы, мейірімді жан еді. Әдетте көлікте 6-7 адам ғана отыратын, ал сол күні барлық билет сатылып кеткен екен, – деді Асқар Қүздеуов.
КОНТЕКСТ
Қайтыс болғандардың отбасыларына 1 миллион теңгеден өтемақы төленді. Алты адам ауруханада жатыр, олардың ең жасы — 16 жаста, жағдайы ауыр. Жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.