 
                    Алматыдағы бір ықшамауданның тұрғындары жол жөндеу жұмыстарының созылып кеткеніне ашулы. Көшені тегістеуді бастаған мердігер компания істі орта жолдан тастап кеткен. Соның салдарынан көшелер шаң мен шұңқырға толып, көлік те, жаяу адам да жүре алмайтын күйге түскен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖӨНДЕУ ТОҚТАҒАН КӨШЕ
КТК мәліметінше, бір ай бұрын басталған жұмыс бір апта бұрын мүлде тоқтап қалған. Содан бері жол қазылған күйі жатыр. Айнала шаң басып, қозғалыс ретсіз күйге түскен. Тұрғындардың айтуынша, бұл жерде көліктер жиі соғысады, балалардың мектепке, үлкендердің жұмысқа баруы қиындаған. Ал жедел жәрдем көлігінің кіруі тіпті мүмкін емес.
– Жүре алмайсың. Шаң көтеріліп, бағдаршам істемейді, жаяу өткіншілер жолы да жоқ, автобустар жүрмей жатыр, қиналып қалдық. Балалар мектепке бара алмай жүр. Еш жерде жол жоқ. Қоқысты да келіп алып кете алмайды, не жедел жәрдем келе алмайды, дейді жергілікті тұрғын.
КӘСІП ИЕЛЕРІНЕ ДЕ СОҚҚЫ ТИДІ
Жол бойында шағын дүкен ұстайтын Халима Бакизе жағдайдың бизнесіне кері әсер еткенін айтады.
– Бізге де ешкім кіре алмайды. Үйге алған азық-түлік шіріп жатыр, мерзімі өкен. Осымен алты жұмыскерді қысқарттық, дейді дүкен иесі.
УӘДЕ МЕН САБЫР
Мердігер компания өкілдері тілшілер келген соң ғана жұмысқа кірісіп, барлығын бір айдың ішінде аяқтаймыз деп уәде берді.
— Екі күнге жұмысты тоқтатқан себебіміз, материал жинап жатыр, зертханадан өткізіп жатыр. Бүгін шешім шығарамыз, өзімізге берілген уақыттан қалмауға, жұмыс істеуге уәде береміз, орындаймыз. Жұмыс екі ауысыммен, қарқынды жұмыс істейміз, дейді құрылыс компаниясының өкілі Нүрлан Бекболатұлы.
Ал жергілікті билік өкілдері тұрғындарды сабырға шақырып отыр.
– Тұрғындарға түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Өтініштер бойынша жолды тегістеп береміз, ашып береміз. Кәсіпкерлердің жұмысы қайта жанданады, дейді Елтай ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Азамат Жиенбаев.
Қазір тұрғындарда жалғыз үміт – жөндеу жұмыстарының шынымен де аяқталуын күту ғана.
 
            
             
            
            