Алматыда жол апатында мешіт имамы көз жұмды. Ер адам рөлде отырған күйі жан тәсілім етіп, көлігі жол жиегіне шығып, билбордқа соғылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты
Оқиға Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында, Жамақаев пен Сейфуллин көшелерінің арасындағы бөлікте болды. Mitsubishi Lancer шығысқа қарай келе жатқанда, кенеттен оңға қарай баяу жылжи бастаған. Куәгерлердің айтуынша, көлік Жамақаев көшесін қиып өтіп, жиекке шыққан, бір қырымен көгалдың үстімен сырғып барып, жарнамалық билбордқа соғылған.
Ер адам соқтығыстан бұрын қайтыс болған
Көлікке жүгіріп жеткен куәгер жүргізушінің ес-түссіз жатқанын көрген. Ол өрттің алдын алу үшін аккумуляторды ажыратып, жолдан өтіп бара жатқан жедел жәрдемді тоқтатқан. Дәрігерлер ер адамның көз жұмғанын растады және оның апатқа дейін қайтыс болғанын болжап отыр, денсаулық жағдайына байланысты болуы мүмкін.
- Алдын ала дерек бойынша, жүргізуші соқтығысудан бұрын қайтыс болған, — деді дәрігерлер.
Жол-патрульдік полиция қызметкерлері марқұмның кім екенін анықтады — ол Алматыдағы мешіттердің бірінің имамы болып шықты. Оқиға орнында криминалистер мен жол полициясы қызмет атқаруда, олар қайғылы жағдайдың барлық мән-жайын тексеріп жатыр.