Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Қосшы қаласына жеңіл рельсті көлік желісін ұзарту жоспарына тоқталып, бұл жоба өңірдің өсуіне оң әсер ететінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
LRT бағыты Қосшыға дейін ұзартылмақ
29 қазанда Астана әкімі Жеңіс Қасымбек LRT бағытын Қосшы қаласына дейін жеткізу жоспарланып отырғанын мәлімдеген болатын. Ахметжанов бұл шешімді құптап, қала инфрақұрылымын дамыту үшін маңызды қадам екенін атап өтті.
- Қосшы толыққанды серіктес қалаға айналып келеді. Астанаға көшу қарқыны өте жоғары. Жеңіс Қасымбекке осындай шешім қабылдағаны үшін алғыс айтамыз. LRT бағытын Қосшыға дейін жеткізу — көлік қозғалысын жеңілдететін маңызды жоба. Станция Қосшы аумағында орналасады. Бұл біздің қала үшін дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Төрт жыл бұрын Қосшы ауыл еді, қазір қала болып қалыптасып келеді, – деді Ахметжанов.
Журналистер LRT құрылысы Қосшыдағы халық санының өсуін жылдамдата ма деген сұрақ қойды. Ахметжановтың айтуынша, қалаға көшіп келетін азаматтардың қатары қазірдің өзіне артқан.
- Қосшыға қоныс аудару тоқтаған жоқ. Биыл қалада жолдар жаңартылды, аллеялар мен саябақтар салынып жатыр, демалыс және ойын-сауық орындары ашылуда. Қосшы барған сайын тартымды қалаға айналып келеді. Бұл — табиғи үрдіс және мені қуантады, – деді ол.
Контекст
Сарапшылардың болжамынша, LRT станциясының салынуы Қосшыдағы тұрғын үй бағасының өсуіне әкелуі ықтимал. Мұндай өзгерістер 2026 жылдың басында байқалуы мүмкін.