×
524.32
609.05
6.52
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
524.32
609.05
6.52

Астанада ЖРВИ көбейіп, кей сыныптар онлайн оқуға ауысты

Астанада ЖРВИ көбейіп, кей сыныптар онлайн оқуға ауысты
Ашық дереккөзден

Елордада жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) көбейіп, кейбір сыныптар уақытша қашықтан оқыту форматына ауысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ата-аналар арасындағы алаңдаушылық

Астанада ЖРВИ жұқтыру жағдайларының артуына байланысты бірқатар мектептерде санитарлық талаптар күшейтіліп, жекелеген сыныптар онлайн оқуға көшірілді. Мектеп чаттарында маска тағу тәртібі және оқушыларды уақытша қашықтан оқыту туралы хабарламалар таралған соң, ата-аналар арасында алаңдаушылық пайда болды.

A(H3N2) тұмау вирусы анықталды

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің дерегінше, эпидемиялық маусым басталғаннан бері  елордада 36 360 ЖРВИ жағдайы тіркелген. Аурудың 59% – 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Соңғы аптада 8 891 жағдай анықталып, көрсеткіш өткен маусымдағы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 1,2 есеге жоғарылаған.

Зертханалық тексеріс барысында алынған сынамалардың бір бөлігінен A(H3N2) тұмау вирусы анықталды.

Қашықтан оқыту енгізілді ме?

Денсаулық сақтау органдарының қаулысына сәйкес, оқушылардың 20–30% бір инкубациялық кезең ішінде ауырса – кабинет ауыстыру жүйесі тоқтатылады, сыныпқа жаңа оқушы қабылдау он күнге тоқтатылады. Сондай ақ, 30% және одан көп оқушы ауырған жағдайда – сол сынып қашықтан оқытуға көшіріледі. Ал, мектептерде санитарлық талаптар күшейеді.

Осы талаптарға сәйкес, елордадағы бірнеше мектептің жекелеген сыныптары қазірдің өзінде онлайн-оқуға ауыстырылған. Білім басқармасы жалпы қала бойынша толық қашықтан оқыту енгізілмегенін, тек ауру көп тіркелген сыныптарда уақытша шаралар қолданылып жатқанын мәлімдеді.

Ауруханалардағы кезек

Еске салайық, бұған дейін Астанада балалар ауруханаларында кезек күрт көбейгенін хабарлаған едік. Дәрігерлердің сөзінше, балалардың инфекциялық стационарларға жүгінуі қазан айынан бастап күрт көбейген.

Серіктес жаңалықтары