×
509.75
594.67
6.46
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
509.75
594.67
6.46

Құжат пен 2gis-те ғана бар қала: Alatau City-де екі жылда не өзгерді?

Құжат пен 2gis-те ғана бар қала: Alatau City-де екі жылда не өзгерді?
ulysmedia.kz коллажы

Бүгін парламент мәжілісі «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасын қарауға қабылдады. Қала статусы берілген Жетіген елді мекенінде (қазіргі Алатау қаласында) не өзгерді? Тұрғындар не дейді? Жергілікті биліктің уәжі қандай? Ulysmedia тілшісі «су жаңа» Алатау қаласына барды.

14 қаңтарда мәжілісте «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасын депутат, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сәбильянов таныстырды. Оның сөзінше, заң жобасы 5 тараптан, 65 баптан тұрады.

«Заң жобасы Алатау қаласын экономикалық, технологиялық, ғылыми, білім беру, сауда және инвестициялық орталық ретінде қалыптастыруына жағдай жасауға, Алатау қаласын дамытуға салынатын инвестициялардың кепілдіктері мен құқықтық қорғалуын арттыруға, ақылды қала құру және Алатау қаласының экономикалық даму мақсатында ғылым мен техниканың озық жетістіктерін, технологиялық иновацияларды, заманауи тәсілдер мен тәжірибелерді қолдануға бағытталған», – деді депутат.

Құжат пен 2gis-те ғана бар қала

Алматыдан 54 шақырым жерде орналасқан «су жаңа» Алатау қаласының тұрғындары парламентте өздері тұрып жатқан елді мекенге арнаулы мәртебе беру туралы заң жобасын қарауды қабылдап жатқанынан бейхабар. Құжат бойынша аты ауысып, қала деп аталса да қалаға кіреберісте «Жетіген» деген жазу әлі ауыспаған. Тек 2gis қосымшасы мен елді мекендегі мемлекеттік нысандардың сыртындағы тақтайшалар ғана Алатаудың қала екенін еске салады.

Алатау қаласын кесіп өтіп жатқан күре жолдағы көрініс те қаланы еске салмайды. Жолдың екі шетінде көмір, ағаш сатып тұрған саудагерлер байқалады. Қалаға такси ұстап тұрған бірді-екілі адам мен дүкендерден сауда жасап, кіріп-шығып жатқандар болмаса, көше тым-тым тырыс, көңілсіз.

Орталық көшеде орналасқан Magnum дүкенінің алдында тұрған такси жүргізушілері де сөйлесуге зауқы жоқ. «Такси, такси» деп айқайлап, адамын толтырып кетуге асығады.

«Қымбатшылықтан өзге ешнәрсе сезбедік»:

Өзін Алатау тұрғынымын деп таныстырған Нұрилә Құмарқызы қала статусымен бірге қымбатшылық та келді дейді. Азынаулақ жол жөнделгені болмаса, айтарлықтай өзгеріс байқамаған.

«Қала деген атақты алдық деді. Соған ғана көңіліміз кішкене көтеріңкі. Бірақ Алатау емес, Жетіген болып қалса керемет еді. Қала статусын берді, дереу светті қосты, қоқыстың ақшасын қосты, коммуналкалар қосылды. Басқа нәрсе болған жоқ», – деді ол Ulysmedia тілшісіне.

Нұрилә Алатауда жастарға жұмыс жоқ дейді. Елді мекендегі халықтың басым көпшілігі Алматыға қатынап жұмыс істейді. Сөзінше, осыған қарамастан, қала статусы берілгеннен кейін халық саны да күрт өскен.

«Көбі Алматыға барып жұмыс істейді. 70 пайзы бар ау. Жастарға жұмыс жоқ. Зейнеткерлерге, біздерге онсыз да жұмыс жоқ қой өзі», – деді ол.

Өзгеріс – cу жаңа сот пен полиция ғимараты

Алатау қаласының тағы бір тұрғыны Александр Иосифович те ешқандай өзгеріс байқамаған. Ол өзгерістің басты нышаны ретінде – жол,  полиция мен соттың жаңа ғимаратқа көшкені ғана көзге көрінеді дейді.

«Ешнәрсе өзгермен жоқ. Жолды жөндеді. Бізде жолдар әбден біткен болатын. Сот, полиция, налоговая, ЦОН-ды жаңадан салды. Автокөлік салығы өсті дейді. Бірақ нақты білмеймін. Мен өзім ауған ардагерімін. Салықтан босатылғанмын, төлемеймін. Жігіттер салық өсті деп айтып жатыр. Ауыл емес, қаланікі сияқты», – деді Александр.

Алатау қаласының ортасын кесіп өтетін жолда шынымен де бірінші болып су жаңа полиция мен соттың ғимараты көзге ерекше түседі. Қалған үйлердің барлығы сырты шарбақпен қоршалған, бірі жаңалау, енді бірі ескі қаз-қатар тізілген қарапайым ауыл үйлері.

«Екі жылда көзге көрінетін жұмыстар жасау мүмкін емес»

Қаладағы әкімдік ғимараты да жөндеуден өткені болмаса, жаңа емес екені көзге бірден көрінеді. Дәретханасының өзі әлі күнге дейін далада орналасқан.

Әкімдік өкілдері қалада бар мәселелердің барлығынан хабардармыз дейді. Алатау қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Асхат Мұратханұлының сөзінше, қазір 14 жобалау сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Қала аумағына 12 ауыл енген. Кейбір ауылдарға су желілері тартылып жатыр. Бірақ бұл өзгерістерді халық қазір бірден сезе қоймайды дейді.

«Коммуналды қызметтің бағасы қала немесе ауыл деп бөлінбейді Қазақстан бойынша. ДКРМ дейді, сол ұйыммен бекітіледі. Яғни бұл коммуналдық тарифтер жалпы Қазақстан Республикасы бойынша өскен болатын. Премьер-министрдің жарлығына сәйкес, қазір электр жарығынан басқаларының барлығына тарифті өсіру жұмыстары уақытша тоқтатылды. Сол сияқты қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша тарифті бекіту жұмыстары жүргізілуде. Бұрын әр үйден жеке компаниялар қоқыс шығаратын болса, қазіргі таңда орталықтандырылған, әкімдікке қарасты мекеме осы қоқыс шығару жұмыстарымен айналысатын болады. Екі жылдың ішінде айтарлықтай, көзге көрінетін жұмыстар жасау мүмкін емес, себебі қаланың бас жоспарына сәйкес, қаланың дамуы 2050 жылға дейін», – деді ол.

Контекст

2024 жылы Жетіген ауылының атауы Алатау болып өзгеріп, қала мәртебесі берілген. Ашық дереккөздердегі ақпаратқа қарағанда, қалада 52 мыңнан астам адам тұрады.

Бұған дейін Алатау қаласының құрылысына Қытай компаниялары инвестиция салатыны жөнінде айтылған болатын. Қаланың кешенді жоспарын Сингапурдың Surbana Jurong компаниясы әзірлеген. БАҚ-та Alatau City жобасына 40-қа жуық инвестор қызығып отыр деген де ақпарат тараған. 

Серіктес жаңалықтары