×
507.05
594.82
6.51
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
507.05
594.82
6.51

Шымкентте полицей оқу-жаттығу кезінде бір көзінен айырылған

Бүгін, 18:09
Шымкентте полицей оқу-жаттығу кезінде бір көзінен айырылған
Фото: жеке архив

Шымкент қаласында полицияның бұрынғы капитаны Бақдәулет Қалаубаев шамамен үш жылдан бері қылмыстық істің тіркелуіне қол жеткізе алмай келеді. Ол қызметтік оқу-жаттығу барысында бір көзінен айырылған. Ауыр жарақат, мүгедектік және сараптамалардың қорытындысына қарамастан, іс әлі күнге дейін қозғалған жоқ. Бұл туралы Ulysmedia.kz-ке жәбірленушінің адвокаты Аянхан Омаров мәлімдеді.

Полигондағы жарылыс

Оқиға 2022 жылғы 7 қазанда «Ақтас» оқу-жаттығу полигонында болған. Жарық-дыбыстық қол гранаталарын лақтыру бойынша сабақ кезінде жарылыс болған. Граната жарықшағы Бақдәулет Қалаубаевтың оң көзіне тиген.

Полиция қызметкері шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, ота жасалғанымен, дәрігерлер оның көру қабілетін сақтап қала алмады. Медициналық құжаттарда мынадай диагноз көрсетілген:

- Көз алмасының жыртылып, көз ішіндегі тіндер түсіп кеткен. Бір көзі толық соқыр болып қалды.

Қалаубаевқа үшінші топтағы мүгедектік белгіленген. Оқиғаға дейін ол ішкі істер органдарында 12,5 жылдан астам уақыт қызмет атқарған.

Кінәлілер анықталмады

Сот-медициналық сараптама жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келгенін және оң көзінің толық көрмей қалғанын ресми түрде растаған.

Қызметтік тексеріс те маңызды қорытынды жасаған: болған оқиғада Бақдәулет Қалаубаевтың өз кінәсі жоқ. Алайда осыдан кейін іс тоқырап қалғандай күй кешкен — қылмыстық іс сол күйі қозғалмаған.

Қылмыс белгілері бар, іс жоқ

Адвокат Аянхан Омаровтың айтуынша, тексеру материалдарында полиция қызметкерлерінің әрекетінен Қылмыстық кодекстің 462-бабына сәйкес қылмыс белгілері байқалатыны нақты көрсетілген.

— Осыған қарамастан, қылмыстық құқықбұзушылықты тіркеу мәселесінде әрекетсіздікке жол берілген. Тіпті қылмысты тіркемеу немесе жасыру белгілерін де жоққа шығаруға болмайды, — деді адвокат.

Каска да, қорғаныш көзілдірігі де болмаған

Қорғаушы тараптың айтуынша, істегі шешуші жайттардың бірі — қауіпсіздік талаптарының өрескел бұзылуы.

— Егер Қалаубаевқа қорғаныш каскасы мен арнайы көзілдірік берілгенде, жарықшақтың ізі сол құралдарда тіркелер еді. Алайда іс материалдарында мұндай деректер мүлде жоқ, — дейді Аянхан Омаров.

Яғни қорғау тарабының пайымынша, полиция қызметкері оқу-жаттығу кезінде ең қарапайым жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілмеген.

Адвокат бұл дерек бойынша Президент әкімшілігіне, Бас прокуратураға және Ішкі істер министрлігіне ресми шағымдар жолдаған. Ал Бақдәулет Қалаубаев кінәлілердің, ең алдымен сол күні полигонда болған тікелей басшылары мен нұсқаушылардың жауапқа тартылуын талап ететінін айтты.

Ulysmedia.kz Шымкент қаласының құқық қорғау органдарына ресми сауал жолдап, жауап күтуде.

Серіктес жаңалықтары