×
503.9
603.32
6.61
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
503.9
603.32
6.61

Мұнайға бай ауыл тұрғындары газдың қымбаттауына қарсы шықты

Бүгін, 16:01
Мұнайға бай ауыл тұрғындары газдың қымбаттауына қарсы шықты
Ulysmedia.kz

Ақтөбе облысы Темір ауданына қарасты Кеңқияқ ауылының тұрғындары коммуналдық газ тарифінің күрт өсуіне наразылық білдірді. Газ бағасы екі есеге жуық қымбаттаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Әлеуметтік фактор

Ауыл тұрғындарының айтуынша, газ тарифінің күрт өсуі олардың тұрмысына ауыр салмақ түсіріп отыр. Кеңқияқ ауылы маңында ірі мұнай компаниялары жұмыс істегенімен, жергілікті халықтың барлығы бірдей тұрақты жұмыспен қамтылмаған. Соған қарамастан коммуналдық төлемдер жылдан-жылға өсіп келеді.

Осыған байланысты тұрғындар қызмет көрсетуші ұйым — «Техногаз» ЖШС-не жүгінген. Компания ғимаратының алдында олар бейнеүндеу жазып, өз талаптарын ашық жеткізді.

- Кеңқияқ ауылында газдың иісі тұрақты түрде қатты шығып, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіруде. Қауіп көзі бола тұра, бұл газ үшін халықтан ақы алынуы әділетсіз және адамгершілікке қайшы деп санаймыз. Ауылымыздың іргесінде бірнеше ірі зауыттар мен кәсіпорын орналасқанымен, жергілікті тұрғындарды жұмысқа алмай отыр. Жұмыссыздар саны көп, – дейді тұрғындар. 

Ауыл халқы бірнеше талап қойды. 

- Аудан және облыс әкімшілігі құрамымен өңірдегі мұнайды мекеме басшылығы халықпен ашық жиналыс өткізсін. Коммуналдық төлем, соның ішінде, жарық пен жылудың бағасы шарықтап, бір адамның айлық жобасына жетуіне байланысты өз қызметкерлеріне “Техногаз” мекемесі тегін пайдалануға мүмкіндік бергендей жылуды халыққа да тегін ұсынсын. Экологиялық ахуалға байланысты өңірде мүгедек балалар мен есепте тұрған түрлі аурулармен тұрғандардың саны шексіз. Осы талабымызға бес күн ішінде жазбаша нақты жауап беріп, жиналыс ұйымдастырылсын, – дейді үндеу авторлары. 

Биліктің ұстанымы

Темір аудандық әкімдігінде тұрғындардың өтініші тіркелгенін хабарлады.

— Өтініште тұрғындар коммуналдық қызмет бағасын реттеуді және коммуналдық газды тегін етуді талап еткен. Кеңқияқ ауылына қызмет көрсететін ұйым — «Техногаз» ЖШС. Қазіргі таңда тариф 21,77 теңгені құрайды (2025 жылғы 1 қаңтардағы тариф — 13,85 теңге болған). Қолданыстағы тариф Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің 2025 жылғы 21 мамырдағы №216-н/қ бұйрығына сәйкес, ішкі нарықта тауарлық газды өткізудің шекті көтерме бағасы аясында көтерілді, — деп мәлімдеді аудан әкімдігі.

Қазіргі уақытта ауыл тұрғындарының талаптары мен өтініштері жергілікті атқарушы органдар тарапынан қаралып жатыр.

Айта кетейік, Кеңқияқ ауылының маңында ұзақ жылдан бері «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ және «ҚМК Мұнай» АҚ секілді ірі мұнай компаниялары бұрғылау жұмыстарын жүргізіп келеді.

Серіктес жаңалықтары