×
$
451.31
€
504.56
₽
5.36
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
451.31
€
504.56
₽
5.36

Маңғыстауда итбалықтар тағы да қырылып қалды: билік себебін анықтап жатыр

Бүгін, 15:05
Маңғыстауда итбалықтар тағы да қырылып қалды: билік себебін анықтап жатыр
Ulysmedia архивінен

Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің жағалауынан Қызыл кітапқа енген эндемик жануарлардың жаппай қырылғаны тағы тіркелді. Инспекторлар Каспий итбалығының шіріп жатқан 15 өлексесін тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Өлген жануарлар қай жерден табылды?

Жағадағы қайғылы көріністі «Каспий итбалығы» мемлекеттік табиғи резерватының инспекторлары Түпқараған ауданындағы Баутино ауылынан батысқа қарай орналасқан жағалау аумағын бақылау кезінде анықтаған.

Кейін жануарлар дүниесін қорғау қызметінің мамандары Баутинск мүйісінен Асан жеріне дейінгі жағалау жолағын тексеріп, 15 итбалықтың өлгенін растады. Олардың бәрі әртүрлі деңгейде шіріп кеткен.

Жануарлардың қырылғаны туралы барлық уәкілетті мекемеге хабарланған. Қазір оқиға орнында экологтер мен Маңғыстау облысының экология департаментінің мамандары жұмыс істеп жатыр. Олар зертханалық талдау жүргізу үшін теңіз суынан, топырақтан және биологиялық материалдардан сынама алған.

Сонымен қатар коммуналдық қызметтер санитарлық талаптарды сақтай отырып, итбалықтардың өлекселерін жинау, тасымалдау және кәдеге жарату жұмыстарымен айналысып жатыр. Жағалау аумағын патрульдеу де жалғасуда.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің түсіндіруінше, көктем-күз мезгілдерінде солтүстік-батыстан және батыстан соғатын қатты дауылды жел кезінде Каспийдің Қазақстан жағалауына өлген итбалықтардың өлекселері жиі шығып қалады.

Алайда бұл жолғы қырылу себептері барлық сараптама аяқталғаннан кейін ғана белгілі болады.

–  Маңғыстау облысының экология департаменті қызметкерлері теңіз суы мен топырақтан сынама алды. Сондай-ақ белгіленген санитарлық талаптарды сақтай отырып, жағалауды тазарту жұмыстары ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта жағалау аумағын бақылау жалғасып жатыр. Итбалықтардың қырылу себептері тиісті зерттеулердің нәтижесі бойынша анықталады, – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Жүйелі мәселеге айналған қырылу

Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек жануар – Каспий итбалығының жаппай қырылуы өңір үшін көптен бері алаңдатарлық мәселеге айналды. Мамандар маусымдық дауылдарды, теңіздің ластануын және адам әрекетінің әсерін атап өткенімен, Каспийге ғана тән бұл жануарлардың қырылуы жалғасып келеді. Ал олардың нақты неден өліп жатқаны туралы басты сұрақ толық зерттеу нәтижелері шыққанша ашық күйінде қалады.

Еске салайық, 2026 жылдың мамырында Ulysmedia.kz редакциясы Каспий жағалауында арнайы зерттеу жүргізген еді. Сол кезде толқындар жағаға жүздеген өлген итбалықты шығарған еді.

Ол кезде жергілікті экологиялық қауымдастық өкілдері мен Qazaq balyk қауымдастығының сарапшылары ресми зерттеулердің тиімділігіне күмән келтірген. Олардың айтуынша, мамандар жануарлардың ішкі ағзалары мен асқазанындағы заттарды токсиндер мен инфекцияларға кешенді тексерудің орнына, тек жүні мен азу тістерінен сынама алумен шектелген.

Бұған қоса, сарапшылар өңірде арнайы мал қорымдарының жоқтығын да атап өткен. Соның салдарынан Қызыл кітапқа енген жануарлардың өлекселері кейде жай ғана жерге көміледі. Бұл инфекциялардың таралу қаупін тудыруы мүмкін.