×
$
455.63
€
507.89
₽
5.65
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
455.63
€
507.89
₽
5.65

Түркі әлемінің ғасыры: Бірліктен интеграцияға

29.10.2026, 08:00
Түркі әлемінің ғасыры: Бірліктен интеграцияға
Фото: Түркия Президенті әкімшілігінің Коммуникация басқармасынан

30 қазан күні Анкарада өтетін Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының 13-ресми саммиті қарсаңында Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Ulysmedia.kz басылымына өз мақаласын ұсынды. Назарыңызға мақаланың толық мәтінін ұсынамыз.  

Түркі әлемінің бірлігі – ортақ тарихымыздан мирас болған бай мұрамыз бен кемел келешегімізді қалыптастыруға деген берік ерік-жігеріміздің айқын көрінісі. Ғасырлар бойы түрлі географиялық кеңістіктерде талай сын-қатерден өткен бауырлас халықтарымызды байланыстырып келген рухани көпірлер бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы саяси, гуманитарлық, экономикалық және мәдени ынтымақтастығымыздың берік негізіне айналды. Түркі әлемінің орасан зор әлеуетін ортақ мақсаттарға жұмылдыру, бірлігімізді нақты жетістіктермен нығайту және келер ұрпаққа бұрынғыдан да қуатты түркі әлемін аманат ету – баршамыздың тарихи жауапкершілігіміз.

Анкарада «Түркі ғасыры: Тілде, пікірде, істе бірлік» тақырыбымен өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммитін осы ортақ ерік-жігерімізді одан әрі нығайтатын маңызды басқосу деп санаймын. Саммит барысында бауырлас Әзербайжаннан қабылдап алатын төрағалық міндетті түркі әлемінің ортақ мақсаттарына қол жеткізу және Ұйымымыздың институционалдық әлеуетін арттыру жолындағы тарихи жауапкершілік ретінде бағалаймын.

Исмаил Гаспыралының бізге аманат еткен бірлік мұраты бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымының қызметіне бағыт-бағдар беретін басты ұстанымдардың біріне айналды. Іргетасы Нахчыванда қаланған Ұйымымыз ортақ тарихымыз бен мәдениетімізден қуат алып, күн өткен сайын ықпалды құрылымға айналып келеді. Ендігі міндет – бауырластығымызды келер ұрпаққа жеткізетін қуатты институттар арқылы нығайтып, ортақ ерік-жігерімізді нақты жобалар мен ұзақ мерзімді нәтижелерге айналдыру.

Бүгінде әлемдік саясат түбегейлі өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Халықаралық жүйе әділдік пен сенімді қамтамасыз етуде қиындықтарға тап болып, соғыстар мен дағдарыстар ауқымды аймақтарға әсер етіп отырған қазіргі кезеңде түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы стратегиялық қажеттілікке айналды. Ортақ мақсат төңірегінде топтасқан түркі мемлекеттері ең күрделі сынақтарды еңсеріп, өз болашағын дербес айқындауға қабілетті. Түркі әлемі бірлігінің негізі – әрбір бауырлас елдің егемендігіне, тәуелсіздігіне және ұлттық ерік-жігеріне деген құрмет. Бұл бірлік ортақ құндылықтармен қатар, өзара сенім мен мүдделерге сүйенетін болады.

Түркі әлемінің экономикалық интеграциясы – алдағы кезеңде Ұйымымыз ерекше назар аударуға тиіс басым бағыттардың бірі. Осы тұрғыдан алғанда, Каспий арқылы өтетін Шығыс–Батыс орта дәлізі тарихи мүмкіндік ұсынып отыр. Азия мен Еуропа арасындағы сауда қатынастары қайта қалыптасып жатқан қазіргі уақытта түркі кеңістігінің жаһандық көлік және логистика желілерінің маңызды орталықтарының біріне айналуға толық мүмкіндігі бар. Біз теміржолдарды, порттарды, автомобиль жолдары байланыстарын және кеден жүйелерін өзара үйлескен біртұтас инфрақұрылым ретінде дамытып келеміз. Каспийдің екі жағалауын байланыстыратын әрбір инвестициялық жоба бауырлас елдеріміз арасындағы сауда айналымын ұлғайтып, ортақ әл-ауқатымыздың артуына үлес қосады.

Осы мақсатта Түркі инвестициялық қорының мүмкіндіктерін неғұрлым тиімді пайдаланып, елдеріміз арасындағы саудаға кедергі келтіретін тосқауылдарды бірлесе еңсереміз, өндіріс пен инвестиция салаларында бір-біріміздің әлеуетімізді арттырамыз. Энергетикалық ресурстарымызды, жаңартылатын энергия көздерінің әлеуетін және байланыс инфрақұрылымын ортақ мақсаттарымызға сай барынша тиімді пайдаланатын боламыз. Түркі әлемінің түкпір-түкпіріндегі мүмкіндіктерді бір арнаға тоғыстырып, өндіріс, сауда және технология салаларындағы жетістіктерімізді бірлесе еселейміз.

Экономикалық салада қалыптастырған осы ынтымақтастығымызды қауіпсіздік бағытында да табандылықпен жалғастырып келеміз. Терроризмге, трансұлттық қылмысқа, киберқауіптерге және табиғи апаттарға қарсы күресте әлеуетімізді біріктіріп, ынтымақтаса әрекет ету қабілетімізді арттырамыз. Қорғаныс өнеркәсібіндегі тәжірибелерімізді ұштастырамыз, сондай-ақ отандық және ұлттық технологияларымызды дамытып, бірлескен өндірістік әлеуетімізді күшейтеміз.

Бірлігіміздің ең қымбат тірегі – ортақ өркениеттік санамыз. Қожа Ахмет Ясауидің даналығы, Әлішер Науаидың сөзі, Низами Гәнжауидің ғибраты, Мақтымқұлы Пырағының жырлары, Юнус Әмренің жүрек тілі мен Шыңғыс Айтматовтың қаламынан туған туындылар – ұлан-ғайыр кеңістікті қамтыған ортақ ұлы өркениетіміздің бай мұрасын танытып, оның болашағына жол көрсететін рухани құндылықтар.

Ортақ түркі әліпбиін қалыптастыруға деген берік ұстанымымыз – мәдени жақындасу жолындағы тарихи қадам. Біз бұл бастаманы білім беру, ғылым, баспа ісі және цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастық арқылы одан әрі ілгерілетеміз. Жастарымыздың бауырлас елдерде білім алуына қолдау көрсетіп, университеттеріміз бен ғалымдарымыздың өзара байланысын нығайтамыз және түркі тілдерінің жасанды интеллект дәуірінде өзіне лайықты орын алуын қамтамасыз етеміз. Білімімізді, тәжірибемізді және мүмкіндіктерімізді біріктіре отырып, түркі әлемінің болашағын бірлесе қалыптастырамыз.

Осынау тамыры терең өркениет бізге жүктейтін жауапкершілік – қандай жағдайда да бауырластығымызға адал болып, бір-біріміздің құқықтарымыз бен заңды мүдделерімізді қорғау. Осы ұстанымға сәйкес, түркі әлемінің ажырамас бөлігі саналатын Кипр түріктерімен ынтымақтастығымызды жалғастырып келеміз. Солтүстік Кипр Түрік Республикасының Ұйымымыздағы бақылаушы мәртебесі ұсынатын мүмкіндіктерді кеңейтуге және оның бауырлас елдермен байланыстарын нығайтуға ерекше мән береміз. Кипр түріктеріне қатысты әділетсіз оқшаулау шараларын тоқтату, олардың егемендік тұрғысынан теңдігін және тең халықаралық мәртебесін мойындату бағытындағы берік ұстанымымыздан айнымаймыз.

Түркі мемлекеттері ұйымының нығаюы ортақ географиялық кеңістігімізде бейбітшілік пен өзара сенімнің беки түсуіне де қызмет етеді. Ұйымымыз ынтымақтастық пен өзара қолдауға негізделген ұстанымы арқылы өңірлік және жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етуге өз үлесін қоса береді.

Түркі мемлекеттері ұйымының алдында тұрған басты міндет – ортақ ерік-жігерімізді экономикалық, саяси, мәдени және технологиялық салалардағы тұрақты жетістіктерге айналдыру. Алға қойған ауқымды мақсаттарымыз бауырлас халықтарымыздың тыныштығына, әл-ауқаты мен дамуына нақты нәтижелер түрінде ықпал еткен сайын бірлігіміз де нығая түседі.

Мен XXI ғасыр «Түркі әлемінің ғасыры» болатынына шын жүректен сенемін. Анкара саммиті осы мақсат жолында жаңа көкжиектер ашып, Ұйымымыздың халықаралық аренадағы ықпалын арттырады және бауырлас елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі бекемдейді. Ғасырлар бойы жүрегімізде сақтап келген бірлік мұратын баянды істермен ұлықтап, келер ұрпаққа барлық жағынан қуатты әрі өркендеген түркі әлемін мирас ету – біздің ең ұлы міндетіміз.