×
$
444.3
€
490.91
₽
5.41
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
444.3
€
490.91
₽
5.41

Әр сабақ бақылауда: Шымкент мектептеріндегі цифрлық жүйе қалай жұмыс істейді

Бүгін, 15:20
Әр сабақ бақылауда: Шымкент мектептеріндегі цифрлық жүйе қалай жұмыс істейді
Ulysmedia.kz коллажы

Мыңдаған бейнекамера, жасанды интеллект, электронды турникет пен цифрлық кітапхана. Шымкент мектептерінде технология күнделікті оқу үдерісінің бір бөлігіне айналып келеді. Енді мамандар сабаққа қашықтан қатысып, мұғалімдердің жұмысын бағалай алады. Сондай-ақ ықтимал қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік бар. Бұған қоса, цифрлық жүйелер бюджеттен бөлінетін миллиардтаған теңгенің қалай жұмсалып жатқанын бақылауға көмектеседі.

Ulysmedia тілшісі қаладағы мектептердің біріне барып, жаңа жүйелердің қалай жұмыс істейтінін, олардың балалардың қауіпсіздігіне қаншалықты әсер еткенін және үздіксіз бақылау мұғалімдер мен оқушыларға қосымша салмақ түсірмей ме деген сауалдарға жауап іздеді.

Әр сабақ бақылауда

Шымкент мектептерінде балалардың қауіпсіздігін ғана емес, білім беру сапасын да бақылауға мүмкіндік беретін бейнебақылау жүйесі енгізілген. Камералар оқу кабинеттерінің өзіне орнатылған. Жазбаларды арнайы рұқсаты бар мамандар қарай алады. Енді әдіскерлер сабақты бағалау үшін мектепке арнайы бармай-ақ, жүйеге қашықтан қосылса жеткілікті.

Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты әдістемелік орталық мамандары күн сайын сабақтарға онлайн мониторинг жүргізеді. Жалпы білім беретін пәндер бөліміне қарасты 17 әдіскер алдын ала бекітілген кесте бойынша сабақтарға қосылады. Цифрлық платформалардың көмегімен бір күнде 60 сабаққа дейін бақылауға болады. Мамандар мұғалімнің тақырыпты қаншалықты жақсы түсіндіргеніне ғана назар аудармайды. Оқу бағдарламасының орындалуы, сабақ уақытының тиімді бөлінуі, оқушылардың белсенділігі мен сыныптағы тәртіп те бағаланады.

Әдістемелік орталық директорының орынбасары Ян Муратовтың айтуынша, бақылау Оқу-ағарту министрлігі бекіткен арнайы өлшемдер негізінде жүргізіледі.

– Сабақты бақылау кезінде белгіленген талаптардың сақталуы тексеріліп, кемшіліктер анықталады және тиісті ұпай қойылады. Көбіне сабақ мазмұнының күнтізбелік-тақырыптық жоспарға сәйкес келмеуі, сабақ мақсатының нақты қойылмауы, уақыттың тиімсіз пайдаланылуы және оқушылар белсенділігінің төмен болуы сияқты ескертулер кездеседі, – дейді Ян Муратов.

Оның айтуынша, бұрын көзге түсе бермейтін кейбір кемшіліктерді енді анықтауға мүмкіндік туған. Мәселен, мұғалімнің сабақ үстінде телефонға алаңдауы, сабақты талапқа сай өткізбеуі немесе оқушыларды назардан тыс қалдыруы камераға түсіп қалуы мүмкін. Әдіскерлер мұндай жағдайларды бейнежазбадан көріп, сабақтың жалпы барысымен байланыстыра бағалайды. Дегенмен камераға түсіп қалған әрбір әрекет мұғалімнің тәртіп бұзғанын автоматты түрде білдірмейді. Соңғы қорытындыны бекітілген өлшемдерге сүйене отырып, мамандар шығарады.

Білім саласының өкілдері камералар алғаш орнатылған кезде мұғалімдердің арасында наразылық болғанын айтады. Алайда уақыт өте келе жаңа жүйеге көзқарас өзгерген. Үнемі бақылауда болу ұстаздарды сабақ өткізуге жауапкершілікпен қарауға ынталандырып, оқу уақытын тиімді пайдалануға ықпал еткен. Оқушылардың да тәртібі жақсарған.

Бұл жүйеде жасанды интеллект те маңызды рөл атқарады. Ол ақпаратты өңдеп, бейнежазбаларды талдауға көмектеседі. Ал қандай да бір түсініспеушілік туындаса, мамандар сабақты қайта қарап шыға алады.

– Жасанды интеллект мониторингтің жекелеген кезеңдерін автоматтандырып, сабақтарды талдау жұмысын тиімді жүргізуге көмектеседі. Барлық сабақтың бейнежазбасы жүйеде сақталады. Мектеп әкімшілігі немесе мұғалім бақылау нәтижесіне қатысты сұрақ қойса не бағалаумен келіспесе, мамандар жазбаны қайта қарап, қойылған бағаның негізділігін тексере алады, – дейді Ян Муратов.

Анықталған кемшіліктер арнайы бақылау парақтарына тіркеліп, мектептерге оларды түзету жөнінде ұсыныстар беріледі. Кейін мамандар қайта тексеріп, ескертулердің ескерілген-ескерілмегенін анықтайды. Осылайша цифрлық бақылау мәселені анықтаумен шектелмей, оқыту сапасының қалай өзгеріп жатқанын да қадағалауға мүмкіндік береді.

Сыныптағы камера қалай қауіптің алдын алады

Цифрлық технологиялардың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін көру үшін Ulysmedia тілшісі Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясына барды. Мұнда қауіпсіздік пен бақылауға арналған бірнеше жүйе қатар жұмыс істейді.

Мектеп директоры Рамиля Искандерованың айтуынша, білім ордасына барлығы 100-ге жуық бейнекамера орнатылған. Олар дәліздер мен оқу кабинеттерінде орналасқан. Мектепке кіреберісте тілшіні электронды турникеттер қарсы алды. Олар ғимаратқа кіріп-шыққандарды тіркеп, оқушылардың мектепке қай уақытта келгенін және қашан кеткенін белгілейді. Жүйе бөгде адамдардың ғимаратқа кіруіне шектеу қоюға мүмкіндік береді. Бұған қоса, мектепте күзет қызметі де бар.

Әсіресе, ықтимал қауіпті жағдайларды анықтауға арналған технологиялардың мүмкіндігі назар аудартады. Директордың сөзінше, жасанды интеллект элементтері бар цифрлық жүйе бөгде адамның ғимаратқа кіруі, күдікті заттардың пайда болуы немесе қауіпті әрекеттер сияқты жағдайларды анықтай алады. Төтенше оқиға болған жағдайда дабыл түймесі қарастырылған.

– Дабыл түймесі төтенше жағдай кезінде қолданылады. Мысалы, мектепке қолында қауіпті заты бар бөгде адам кіріп кетсе, осы түйме арқылы белгі беріледі. Ол ішкі істер органдарымен тікелей байланысқан. Сигнал түскеннен кейін бірнеше минут ішінде жедел әрекет ету тобы келеді. Турникеттер жасанды интеллект жүйесіне қосылған. Егер мектепке іздеуде жүрген адам кірсе немесе біреу суық қару сияқты тыйым салынған затты алып өтсе, жүйе қауіпті автоматты түрде анықтайды. Содан кейін SOS дабылы басқару орталығына түседі. Ешкімнің түймені басуы қажет емес, – дейді мектеп директоры Рамиля Искандерова.

Шымкент көлемінде білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін AIQYN цифрлық кешені қамтамасыз етеді. Қалалық білім басқармасының мәліметінше, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қала мектептеріндегі 12 мыңға жуық бейнекамера қосылған. Бейнеталдау жүйесі төбелес, өрт белгілері және тыйым салынған аумақтарға кіру сияқты ықтимал қауіпті оқиғаларды анықтауға көмектеседі.

Алайда автоматты тану жүйелерінің де шектеуі бар. Күдікті әрекеттің немесе заттың анықталуы оның міндетті түрде қауіп төндіретінін білдірмейді. Сондықтан жүйе жинаған ақпаратты жауапты мамандар қосымша тексеруі керек.

Балалар тәртіпке үйренді ме?

Мәселенің екінші жағы да бар. Тәулік бойы бақылауда болу балаларға психологиялық қысым түсірмей ме? Әр әрекеті бейнежазбаға түсетінін білетін оқушы өзін қаншалықты еркін сезінеді? 

Мұғалімдердің айтуынша, камералар қазір қалыпты жағдайға айналған. Олар оқу үдерісіне кедергі келтірмейді. Керісінше, бейнежазбалар тек бақылау үшін емес, әдістемелік жұмысқа да пайдаланылады.

– Мектебімізге бейнебақылау камераларын орнату мұғалімдерге де, әкімшілікке де үлкен көмек болды. Ең алдымен, бұл қауіпсіздікті күшейтіп, ұстаздардың өздерін сенімді сезінуіне ықпал етеді. Оқу үдерісінде камералар оқушылардың сабаққа қатысуын, белсенділігі мен тәртібін бақылауға көмектеседі. Сонымен қатар бейнежазбаларды сабақтарды талдау және әдістемелік жұмысты жоспарлау кезінде пайдаланамыз, – дейді тарих пәнінің мұғалімі Мақпал Мыңбаева.

Бейнежазбалардың тағы бір пайдасы – түсініспеушілік туындаған кезде оқиғаның мән-жайын анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, оқушылар арасында жанжал болса немесе мұғалімнің әрекетіне қатысты шағым түссе, мектеп әкімшілігі жазбаны қарап, жағдайды анықтай алады. Камералар оқушылар арасындағы агрессия мен буллингтің алдын алуға да көмектеседі.

– Қандай да бір дау туындаса, бейнежазба оқиғаның қалай болғанын анықтауға және мұғалімдер мен оқушылардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді. Әсіресе оқушылар арасындағы буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алуда камералардың рөлі зор. Балалар әр әрекеті жазылып жатқанын түсінеді, сондықтан тәртіп сақтауға тырысады. Бұған қоса, бейнебақылау мектеп мүлкінің сақталуына да көмектеседі, – дейді педагог.

Дегенмен жасанды интеллект буллингтің барлық түрін өздігінен анықтай алады деу қате. Өйткені қорлау мен қысым көрсету әрдайым күш қолданумен қатар жүрмейді. Оның үстіне, мұндай әрекеттер камера көрмейтін жерде де болуы мүмкін. Сондықтан педагогтер, психологтер мен мектеп әкімшілігінің жұмысы әлі де маңызды.

Ата-ана баласын бақылап отырады

Цифрландырудың ата-аналарға ұнаған тағы бір тұсы – баласының мектепке қай уақытта келіп, қашан кеткенін бақылау мүмкіндігі.

Үш баланың анасы Гүлнар Өтебаеваның айтуынша, жаңа технологиялар балаларының қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылығын азайтқан. Оның екі баласы 6 және 8-сыныпта оқиды.

– Әр сынып пен әр дәлізге камера орнатылғанына тоқталғым келеді. Меніңше, бұл ата-аналар үшін де, мұғалімдер үшін де қауіпсіздік тұрғысынан өте маңызды. Қазір жаңалықтардан түрлі келеңсіз оқиғаларды жиі көреміз. Сондықтан мұндай шаралар қажет деп ойлаймын, – дейді Гүлнар Өтебаева.

Оның сөзінше, балалар камералардың үнемі қосулы тұрғанына алаңдамайды. Анасы сабақтан кейін олармен сөйлесіп, мектептегі күнінің қалай өткенін сұрап отырады.

– Балалар камера барын мүлде сезбейді. Мен олардан үнемі сабақтары қалай өткенін сұраймын, сөйлесіп отырамыз. Әзірге ешқайсысы шағым айтқан емес. Ал турникеттерге келсек, маған қатты ұнайды. Бізде арнайы қосымша бар. Сол арқылы баланың мектепке қай уақытта кіргенін және қашан шыққанын көре аламыз. Өте ыңғайлы. Балаларымның қауіпсіз жерде екенін біліп, көңілім жай табады, – дейді ол.

Тамақ талонының орнына – алақан

Цифрлық мектеппен танысудың келесі аялдамасы асхана болды. Мұнда ALAQAN жүйесі жұмыс істейді. Ол баланың ыстық тамақ алғанын алақан биометриясы арқылы растауға мүмкіндік береді.Түскі ас алу үшін оқушы қолын арнайы терминалға тигізсе жеткілікті. Жүйе қызметтің көрсетілгенін тіркейді.

Шымкентте барлық бастауыш сынып оқушылары, сондай-ақ белгіленген талаптарға сәйкес әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалардың жекелеген санаттары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.

Жаңа жүйенің басты артықшылығы – мемлекет тамақтандыру қызметі үшін жеткізушіге ақша аударған кезде, баланың шынымен тамақ алған-алмағанын тексеруге болады. Бұл бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау тұрғысынан маңызды. Бұрын берілген астың нақты санын растау көбіне жеткізушілердің құжаттары мен есептеріне сүйенетін. Енді жүйеде тексеруге болатын қосымша электронды деректер жинақталады.

Қалалық білім басқармасының мәліметінше, Шымкенттегі 98 мектепке 392 биометриялық терминал орнатылған. Ал мектептегі тамақтандыруға бөлінетін қаражаттың жұмсалуын бақылауды күшейту шараларының нәтижесінде 2025 жылы шамамен 1,1 млрд теңге үнемделген. Бұл қаржылық нәтиже тек биометрияны енгізудің емес, бірнеше бақылау шарасының жиынтық әсерінен болған.

Кітапханадағы әр кітаптың есебі жүргізіледі

Цифрлық өзгерістер мектеп кітапханаларын да айналып өтпеген. №1 мектепте тілшіге кітаптарды электронды есепке алу жүйесі таныстырылды. Енді бұрынғы қағаз формулярлардың орнына цифрлық база қолданылады. Әр кітапқа штрихкод жапсырылған. Кітап оқушыға берілген кезде код сканерленіп, жүйеге тіркеледі. Осылайша қай кітаптың кімге берілгені және оны қай уақытта қайтару керектігі көрсетіледі.

Кітапханашы оқушылардың қолында қандай кітаптар барын, қанша данасы берілгенін және қай кітапты қайтару мерзімі жақындағанын көре алады. Бұл жүйе әсіресе мектеп оқулықтарының сақталуына қатысты мәселе өзекті кезде маңызды. Электронды есеп нақты бір кітапты кім алғанын анықтауға және кітап беру мен қайтару тәртібін ашық жүргізуге мүмкіндік береді. Дегенмен штрихкод кітаптың қандай күйде екенін көрсете алмайды. Сондықтан оның бүлінген-бүлінбегенін анықтау үшін кітапты бергенде және қайтарып алғанда тексеру қажет.

Келесі қадам – мектептердің цифрлық көшірмесін жасау

Шымкент мектептеріндегі цифрландыру мұнымен тоқтамайды. Қазір қалада білім беру ұйымдарының цифрлық егіздерін жасау жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл – мектеп ғимараттарының ішкі құрылымы мен ресурстары туралы толық мәлімет қамтылған электронды үлгілер. Онда оқу кабинеттері, бөлмелердің ауданы, оқушы орындарының саны және басқа да қажетті деректер көрсетіледі. Мұндай жүйе мектептердің нақты сыйымдылығын анықтауға, жөндеу жұмыстарын жоспарлауға, жиһаз бен жабдық сатып алуға, сондай-ақ жаңа мектеп салу қажеттілігін бағалауға көмектеседі. Халық санының алдағы уақытта өсуі мүмкін екенін ескерсек, мұндай тәсілдің маңызы арта түспек.

Қазіргі мектептер біртіндеп әрбір үдерісін электронды деректер арқылы бақылауға болатын күрделі жүйеге айналып келеді. Камералар жанжалдың мән-жайын анықтауға, турникеттер баланың мектепте болған уақытын тіркеуге, биометрия тегін тамақ алғанын растауға, ал электронды кітапхана белгілі бір кітаптың кімге берілгенін білуге мүмкіндік береді. Цифрлық мониторинг болса, әдіскердің сыныпқа бармай-ақ сабақтың қалай ұйымдастырылғанын бағалауына жол ашады.

 

Сізге қызық болуы мүмкін