Шымкентте коммуналдық қызметтердің қысқы маусымға дайындығы аяқталып келеді. Қар тазалау, көктайғақтың алдын алу және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 632 арнайы техника әзірленген.
Otyrar.kz басылымының жазуынша, қыс мезгілінде коммуналдық қызметтер 473 орталық магистральдық көше мен төрт мыңнан астам орамішілік жолды күтіп ұстауы керек. Негізгі міндет – жолдың жүргінші бөлігін және тротуарларды дер кезінде қардан тазарту, мұз қатудың алдын алу.
Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары Опабек Әуесбектің айтуынша, көктайғаққа қарсы материалдардың қажетті қоры да жасақталған.
«Қар тазалау және көктайғақтың алдын алу үшін 32 мың тонна тұз бен 25 мың тонна арнайы реагент толық дайындалды. Қыста жолдарды қардан тазалап, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қажетті материал жеткілікті. Коммуналдық қызметтер қысқы маусымға толық дайын», – деді Опабек Әуесбек.
Қар жауа бастаған кезде коммуналдық қызметтер қала жолдарының жай-күйін бақылауға кіріседі. Мамандар жауын-шашынның қарқындылығын, қар жамылғысының қалыңдығын және ауа температурасын қадағалайды.
Ауа температурасы нөлден төмендеген жағдайда көктайғақтың алдын алу үшін арнайы материалдар қолданылады. Опабек Әуесбектің сөзінше, құм тұзбен араластырылып, дайын қоспа арнайы техникаға тиеледі. Одан кейін жол бетіне себіледі. Қар тазалау жұмыстары ауа райы мен көшелердің жағдайына қарай кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Қыс бойы қала көшелерін күтіп ұстауға үш мыңнан астам коммуналдық жұмысшы жұмылдырылмақ. Олар магистральдық жолдарды, орамішілік көшелер мен жаяу жүргіншілер аймақтарын тазалайды. Әсіресе, аязды күндері мұз қату қаупі жоғарылайтын тротуарларға басымдық беріледі. Жаяу жүргіншілер жолына тайғанақтың алдын алу үшін құм-тұз қоспасы себіледі.
Жайлы ортаны дамыту басқармасының мәліметінше, дайындалған материал қоры мен арнайы техника қыс мезгілінде қала көшелерін қардан тазалап, көктайғаққа қарсы өңдеу жұмыстарын уақытылы жүргізуге мүмкіндік береді.