×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Путин, Рахымбаев және миллиардтар: қостанайлықтар қаладағы қарқынды құрылысқа неге қуанбайды

25.09.2023, 10:11
Коллаж: Ulysmedia.kz

Қостанайда дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқан Қазақстан мен Ресейдің шекара маңы ынтымақтастығының өңіраралық форумы биыл он тоғызыншы рет өткізілмекші. Билік облыс орталығындағы белсенді және сән-салтанатты құрылыс Путинді қарсы алу үшін емес, жергілікті тұрғындардың игілігі үшін ғана салынып жатқанына сендіріп отыр. Ulysmedia.kz тілшісі әкімдік қазына қаржысын аямай жұмсаған нысандарды тексеріп шығуды жөн көрді.

Айтпақшы, мұндай алғашқы форум 2003 жылы Омбыда өтті. Содан бері кездесулер дәстүрге айналып, әр жылдары екі көрші мемлекеттің Қазақстанның және Ресейдің бірнеше қаласында бас қосты. Биылғы жылы форумды өткізу міндеті Қостанайға жүктелді, ол бірден шараны ұйымдастыруға жұмсалған шығындар жөнінен көшбасшылыққа ұмтылды.

Билік неге ақталады

Маусым айында ОКҚ алаңында сөз сөйлеп, журналистердің алдағы Қазақстан-Ресей форумына дайындыққа қатысты сұрақтарына жауап бере отырып, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов форумға емес, қаланың инфрақұрылымын абаттандыруға және жақсартуға бағытталатын 11 млрд теңгенің мақсатты жұмсалғанын айтып, ақталуға асықты. Форум өтпесе де, Қостанайды көркейтуге осынша қаражат бөлінер еді-міс.

- Биыл қалада 65 жол жөнделуде. Қаражат жылу желілері мен су бұру желілерін жөндеуге бағытталатын болады. Сондай-ақ балаларға арналған смарт-орталық салынуда. Мұның форумға қатысы жоқ қой? Форумның өзіне шамамен 1,5 млн теңге жұмсалуы мүмкін. Өйткені, шараға қатысушылар қонақ үйде тұру, кафелер мен мейрамханаларда тамақтану және көлік шығындарын өздері төлейді. Сондықтан біздің тарапымыздан ешқандай шығын болмайды, - деп сендірді аймақ басшысы.

Алайда, уақыт өте келе, қаланы абаттандыру және "инфрақұрылымды жақсарту"  шығындарының мөлшері айтарлықтай өсіп, миллиардтарға жетті. Мәселен, жергілікті БАҚ-та жарияланған деректерге сүйенсек, форумды өткізуге шамамен 15 млрд теңге бөлінген.

Жақсының бәрі –  балаларға

Қаражаттың біршама бөлігі Smart-орталықтың құрылысына жұмсалған. Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының деректеріне сәйкес,  "BI Global" ЖШС мердігерлік ұйымымен 10,7 млрд теңге сомаға құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге келісімшартқа қол қойылды. Сонымен қатар қаражат Қазақстан үкіметінің резервінен де, жергілікті бюджеттен де бөлінді. Жобаның жалпы құны 11,3 млрд теңгені құрады.

Айта кетерлігі, орталықтың өзі өте тез салынды. Бір жылдан аз уақытта бой көтерді. Құрылыс өткен жылдың қазан айында басталған. Жергілікті шенділер "Юбилейный" деп аталатын жаңа шағын ауданда мұндай орталық өте қажет екеніне сендірді, өйткені мұнда негізінен балалары бар жас отбасылар тұрады дейді олар.

Орталықта робототехника және бағдарламалау кабинеттерін, киберспорт залын, ландшафты дизайн студиясын, түрлі зертханаларды ашу жоспарланған болатын. Айналаны балалар, жастар, спорт аймақтарымен, серуендеуге арналған бульвармен және үш субұрқақпен абаттандыру көзделді.

Жұмыстарды аяқтау, өткен күзде жергілікті билік сендіргендей, бір жылдан кейін - 2023 жылдың қыркүйегіне жоспарланған болатын. Ғимараттың өзі дайын, бірақ айналасы әлі де абаттандырылып жатыр. Жұмысшылар тілшімізбен тілдесуден бас тартып, құрылысты аяқтау мерзіміне қатысты сұрақтарды елеусіз қалдырды.

Бұл Қостанайдағы "BI Global" ЖШС құрылыс салушы компаниясының алғашқы қымбат жобасы емес. Белгілі болғандай, жоғарыда аталған компанияның құрылтайшысы – BI Group холдингінің құрамына кіретін "BI Construction & Engineering" ЖШС. Оның акционері және директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев екені белгілі.

Қостанай облысында Рахымбаевтың құрылыс компаниясы іске асырған жобалардың қатарында Қостанайдағы коронавирусты емдейтін аурухана (ашық деректер бойынша құны шамамен 7 млрд теңге), құрылысы 2021 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан "KamLitKZ" ЖШС шойын құю зауыты (құны шамамен 80 млрд теңге) бар.

BI Group қатысатын тағы бір жоба – Қостанайдағы жаңа Корей көпірінің құрылысы. Ұзындығы 261 метр және ені 24,5 метр көпірге 4 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Құрылыс салушы – BI Group холдингіне тиесілі "Қазақдорстрой".

Көпірге қатысты қалалықтардың шағымы болмаса да, қалған үш жоба бойынша сұрақтар еріксіз туындайды: Қостанай өңірі үшін қажеттілігі күмәнді нысандар үшін мұндай қымбат баға қаншалықты негізді?

Бір саябаққа – 1,5 миллиард теңге

Республикалық бюджеттен түскен ақшаның едәуір бөлігі – шамамен 1,5 млрд теңге Қостанайдағы триатлон паркін қайта жаңартуға бөлінді.

Онда жұмыс қайнап жатқан жоқ – бәлкім, күтпеген жерден күз түскен соң мердігер саябақты келесі жылы жөнге келтіруді құп көрген болар. Үлкен саябақтың бір шетінде ғана шөп шабатын бірнеше жұмысшыны көрдік. Жалпы, саябақ аумағы таза, әдемі, жүгіру және велосипед жолдарының жабыны жаңартылған.

Жыл басында әкімдік саябақта балалар алаңдары, кедергілер жолақтары, воркаут және паркур алаңдары, ашық амфитеатр және үстел ойындары мен демалыс аймақтары салынады деп уәде берген.

Жоспарлар өзгергенге ұқсайды, саябақта орнатылған нысандар шенділер уәде еткеннен әлдеқайда қарапайымдау. Алайда, нысанға жұмсалған қаржы азайды ма, жоқ па –  белгісіз.

Егер қаланы жаңғырту шығындары туралы айтатын болсақ, биыл Қостанайда субұрқақтарды қайта жаңартуға 280 млн теңге бөлінді. Күз келгеніне қарамастан, олар әлі жаздағыдай тоқтаусыз атқылап тұр.

Қаланы көгалдандыруға 595 млн теңге жұмсалды – бұл қаржыға қарағай мен бұталар сатып алынған. Сондай-ақ, саябақ аумағына бірыңғай үлгідегі мәрмәр үгінділерінен жасалған жәшіктері бар орындықтар  орнатылды және оған 180 млн теңге жұмсалды.

Көшелер де жөнделеді

Сондай-ақ, биыл облыс орталығындағы жолдарды жөндеуге рекордтық 8,6 млрд теңге бөлінді, бұл қаржы 65 көшені жөндеуге жетуі тиіс.

Жалпы есептесек, Қостанайды абаттандыруға жергілікті бюджеттен де, республикалық бюджеттен де аз қаражат бөлінбеген. Мұндай асығыс және қымбат құрылыс жұмыстары қала тұрғындарын таңғалдырмай қоймады.

- Мұның бәрі аяқ астынан неге қолға алынды? Шамасы, Путинді сән-салтанатпен қарсы алып, Қазақстан-Ресей форумын әдемі өткізгілері келетіндіктен болар. Уақыт шектеулі, ал ақша бөлініп қойған, оны қалай да игеру керек. Бір қуантатыны - Путин кетсе де, субұрқақтар қалады, - дейді қала тұрғындары.

Бірақ облыс пен қала басшылығы өз уәждерін қайталаудан жалығар емес – бұл шығындар мен жұмыстардың барлығы тек қала тұрғындарының игілігі үшін қызу қарқынмен жүргізіліп жатыр, ал Путиннің еш қатысы жоқ.

Серіктес жаңалықтары