×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Бөртенің» бюджеті жайлы Теменов пен Тұрыс пікір білдірді

15.10.2021, 15:57
«Бөртенің» бюджеті жайлы Теменов пен Тұрыс пікір білдірді
Коллаж: ulysmedia.kz

«Бөрте» спектакліне бөлінген қаражат жайлы Ulysmedia.kz жариялаған материал қоғамда қызу талқыға түсті. Тарихи драманы сахналауға 246,7 млн теңге жұмсалған. Бүгінде қазақ театрлары спектакль қоюға қанша қаржы жұмсап жүр? Салыстыру мақсатында сала мамандарының пікірін білдік.  

«ШӘПКІМ ШАЛҚАСЫНАН АЙЫРЫЛЫП ТҮСТІ»

Театр премьерасы ашылған күні қызыл кілем үстінен жүріп өткендер арасынан театр және кино режиссері, Қазақстанның халық артисі Талғат Теменов байқалмады. «Сізді шақырмады ма, қызыл кілемде көрінбедіңіз» деген сауалымызға өнер қайраткері төмендегідей жауап берді.

«Алматыда болдым. Досхан Жолжақсынов екеуміздің дос болғанымызға елу жыл, сол тойға бардым. Жасыратыны жоқ, мені Түркістандағы премьераға шақырды. Уақытым болмады. Осы аптада 16-17 қазан күндері қойылады екен, оған Қарағандыда театр сахнасынан жүлде тапсыратындықтан, бара алмай отырмын. Бірақ Серік Ақсұңқарұлының әлеуметтік желідегі парақшасынан «Бөртеге» 246 млн теңгеден көп қаржы бөлінді деген ақпаратты көргенде шәпкім шалқасынан айырылып түсті”, - деп таңырқауын жасырмаған режиссер мұндай қамқорлық жергілікті театрларға бұрын-соңды жасалмағанын атап өтті.

АКТЕРЛЕРДІҢ БАСЫН ҚОСУ ҚИЫНДЫҚ ТУҒЫЗАДЫ

«Сол Түркістан облысында елу жылдық тарихы бар Жетісай театры бар. Кеңес тұсында өңірдің мәдени ошағына айналған үлкен театр еді. Өзбекстанға шекаралас орналасқан ана тілінің бесігі болып келген театрға бір тиын да төленбейді, құр жалақымен отыр», деп өңірдегі театр тарихын еске алды ол.

«Бөрте» спектаклін сахналауға елдегі ең танымал актерлер еліміздің әр өңірінен арнайы шақыртылған. Тәжірибелі режиссердің айтуынша, тұрақты емес актерлік құрамның басын қайта қосу қиын және оған жұмсалатын бюджет шығыны да аз болмайды.

«Әр нәрсенің өз логикасы болуы керек, Кино түсірілген болса түсінікті, бір-ақ рет түсіресің, мәңгі қалады. Ал біреуі театрда ойнап, біреуі фильмге түсіп жатқан актерлердің графигін сәйкестендіріп, оларды енді қалай жинайды? Сонда бұл қойылымды астана мен Алматы қаласының тұрғындары, ел зиялылар қалай тамашалайды? 246,7 млн теңгені ақтау үшін театр мұны қанша жыл сахналайды? Соған басым жетер емес»,- дейді режиссер Талғат Теменов.

БІР СПЕКТАКЛЬГЕ 3,5 МЛН ТЕҢГЕ БӨЛІНЕДІ

Оның айтуынша, мұндай үлкен сомаға кемі екі көркем фильм, бірнеше қысқаметрлі фильм түсіруге әбден болады.

«Мысалы Қ. Қуанышбаев театрының ескі ғимаратында бір спектакльге мемлекеттен 3,5 млн теңге бөлінетін. Бір есептен Түркістан театрына бөлінген қисапсыз қаржы көп театрлардың ашу-ызасын келтіріп жатыр. Бір жағы қызығады, бір жағы қызғанады. Негізі елдегі театрларды қаржыландыру көлемі өте төмен. Түркістан театрына бөлінгендей басқа театрларға да қаржы бөлініп жатса, нұр үстіне нұр болар еді », - дейді ол.

ОНЫҢ ІШІНДЕ ҚАЗАҚТЫҢ ӨМІРІ БАР МА?

Ал М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс та осыған жалғас ой қозғады. Ұлттық, әлемдік классика мен заманауи драматургияда қайталанбас образдарымен халық ықыласына бөленген актер атышулы «Бөрте» спектаклін тамашалай алмаған, өйткені театр әкімшілігі шақырусыз қалдырған.

 «Мен барған жоқпын, Алматыдамын. «Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» дейді қазақ. Біз маусымашарға дайындалып жатырмыз. Көрмеген қойылым туралы не айта аламын?! Ана жақта дайын актерлер, мына жақта жазылған дайын пьесаны қоя салғанда оның ішінде қазақтың өмірі бар ма? Мәселен, біздің театрда кезінде қойылған «Қорқыттың көрі» поэтикалық драмасының режиссері латвиялық азамат Йонас Вайткус елде алты ай тұрып, халық өмірімен етене танысты. «Қазақта өлім-жітім кезіндегі салтты көргім келеді», деді маған. Өлімге де, тойға да алып бардық. Шындығында қазақ өмірін терең зерттеп барып кірісті. «Бөрте» спектаклін әр жақтан жиналған актерлер бір-екі премьерасын ойнап берер. Ал олардың барлығын үнемі солай шақырып, қонақ үйге түнеткізіп, тамақ-суын әперіп отыра ма? Әр театрдың өзінің ғана репертуары болуы тиіс қой. Түркістанның өзінде де актерлер бар, олармен неге жұмыс істемейді. Сондықтан мен мұны түсіне алған жоқпын, әлде мен қателесіп тұрған болармын. Шетелден келген қонақтарға кешегі Әуезов, Мүсірепов салған дәстүрімізді көлденең ұсынуымыз керек», - дейді Бекжан Тұрыс.

АЙЛЫҒЫМ 150 МЫҢ ТЕҢГЕ

30 жылдан астам уақыт театр сахнасынан бөлек, кино мен телевизия саласындағы еңбегімен де жұртшылыққа кеңінен танылған Бекжан Тұрыс жаңашылдықты желеу етіп, қаржыны оңды-солды шашуға қарсы екенін жеткізді.

«Өзін шақырмаған соң Бекжан қызғанып жатыр деуі де мүмкін. Мен қызғанбаймын. Қазаққа болса екен деп жүрген адамның бірімін. Бүкіл ақшаны шетелге шашуға келісе алмаймын, қарсымын. Халық қашан да сыншы. Қазір халықты тобыр деп сөйлейтіндер шықты. Бұлардың жаңашылдық деп жүргені жаңылыс. Өнер жолы жалтақтықты, жағымпаздықты жақсы көрмейді. Мен үшін бұл (246,7 млн тг) өте көп ақша. Менің айлығым шайлығыма да жетпейді, оның несін жасыратыны бар. 150 мың теңге, дәл қазіргі заманда асырай ма? Ешкімді кінәламаймын, кемталанттарға берілген баға шынталанттардың бағын сындырып жатыр. Осыны түсіне алмай-ақ қойдым», - деді актер.

Ресми дерекке сүйенсек, қазір елімізде 65 театр жұмыс істейді. Тәуелсіздіктен бері елімізде жиырмаға тарта театр ашылған. Жыл сайын театр сахналарында 12 мыңға жуық спектакль сахналанады.

Айта кетейік, Түркістан музыкалық драма театры «Бөрте» спектаклін сахналауға 246,7 млн теңге бөлгенін ulysmedia.kz редакциясы арнайы зерттеп, бірінші боп хабарлаған болатын. Алайда даулы мәселеге жергілікті әкімдік те, театр басшылығы да кері жауап қатпады.