×
444.22
476.38
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
444.22
476.38
4.82

Тығырықтан қалай жол табасыз – Мырзағалиев парламенттен «сөз естіп» қайтты

20.10.2021, 13:59
Коллаж: ulysmedia.kz.

Парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевке Нұр-Сұлтандағы ЖЭО-3 құрылысының бюджетін бөлуге қатысты ескерту жасады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Энергетика министріне бүгінгі жалпы отырысында сұрақты депутат Дүйсенбай Тұрғанов қойған болатын. Депутат Нұр-Сұлтандағы ЖЭО-3 құрылысына байланысты сауал жолдады.

«Қала халқы жыл сайын орта есеппен 50 мың адамға артып келеді. Жыл сайын 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй, сондай-ақ ондаған әлеуметтік сала мен бизнес нысаны салынып жатыр. Жылу мен электр энергиясына деген қажеттілік артып келеді. Қазірдің өзінде қалада жылу тапшылығы байқалуда. Алдағы үш жылда қажеттілік сағатына 900 гигокалорияға артады. Бұл мәселені шешу үшін 2010 жылы станция құрылысының ЖСҚ әзірленді. Алайда жылу тапшылығының өсуі кезінде ЖЭО-3 газға ауыстыру, жабдықтың, сондай-ақ валюта бағамының өзгеруі себебінен ЖСҚ түзетуге байланысты жобаны іске асыру негізсіз ұзаққа созылды. Қарастырылып отырған бюджетке сәйкес жобаны іске асыруға 27,9 млрд теңге бөлінеді. Ал бұған дейін бөлінген қаражатты есепке алғанда, сома 112,9 млрд теңгені құрайды. 122 млрд теңге керек шын мәнінде. Жетіспейтін сома шамамен 9 млрд теңгені құрайды. Егер ЖЭО-3 пайдалануға беру бойынша шұғыл шаралар қабылданбаса, жағдай қала халқы мен экономикасын жылу энергиясымен қамтамасыз етудегі проблемаларға әкелуі мүмкін. Осыған байланысты, жоба үшін неліктен қаржы қаражаты толық көлемде бөлінбейтінін білгім келеді. Жоба қашан аяқталады?» - деді Дүйсенбай Тұрғанов.

Бұл сұраққа жауап берген Мағзұм Мырзағалиев бұл жобаның шынында да маңызды екенін айтып өтті.

«2010 жылдан бері келе жатқан жоба. Аяқталу мерзімі бүгінгі күні 2023 жылға жоспарланған. Келесі жылы 25 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Қарастырылып отырған бюджетте бұл сома қарастырылған. Ал 2023 жылға әзірге 3,1 млрд теңге қарастырылған. Алайда келесі жылы 2023 жылға арналған бюджетті қарау кезінде тиісті қаражат бөлінеді деп үміттенеміз. Жетіспейтін сома 7,8 млрд теңгені құрайды, сондықтан біз бұл мәселе оң шешімін табады деп ойлаймыз», - деді министр.

Осы кезде Нұрлан Нығматулин үш жылдық бюджетте қаражат не үшін қарастырылмағанын сұрады.

«Үш жылдық бюджетте неге бөлу керектігін сұрауды ойламадыңыз? Неге енгізбедіңіз?» - деді ол.

Алайда бұл сұраққа бюджет қаражатының шектеулігін алға тартқан Мағзұм Мырзағалиев жауап бере алмай күмілжіп қалды.

«Сіздердің қағаз-құжаттарыңыз дұрыс емес. Жоба әлі дайын емес. Көктемде түзеу кезінде бәрі дайын болмаса, тығырықтан қала жол табасыз? Жобаның созылып кеткеніне 10 жылдан асып кетті», - деді мәжіліс спикері.

Серіктес жаңалықтары