Қазақстанда 2023 жылы 89,9 млн тонна мұнай өндірілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ең көбі Атырау облысында өндірілген
Энергетика министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанда мұнай өндірісінің үлесі мемлекеттер бойынша мынадай: жалпы мұнайдың 33,1% Қазақстанға, 30,9% АҚШ-қа, 18,4% Еуропа елдеріне, 11,4% Қытайға, 3,5% Ресей мен басқа мемлекеттерге тиесілі.
Қара алтынның басым бөлігі (58,6%) Атырау облысында өндірілген. Маңғыстау облысында мұнайдың 18,5%, Батыс Қазақстанда 13,65% өндірілді. Одан кейінгі орындарда Ақтөбе облысы (5,1%), Қызылорда облысы (4,1%), Жамбыл және Шығыс Қазақстан облысы (0,05%) тұр.
Мұнай өндірісі жөніндегі жоспар толық орындалмай қалды
Алмасадам Сатқалиев былтыр 15 тамызда 2023 жылға мұнай өндірісі бойынша болжам 89,4 млн тоннаға дейін қысқартылғанын хабарлаған еді. 2022 жылдың соңында бұл болжам 90 млн тоннадан асқан.
– Шынында да, әуелі 92,3 млн тонна мұнай өндіреміз деп көздеген едік. Десе де, жыл соңындағы көрсеткіш бойынша 90 млн тонна болып тұр. Мұның себебі ірі мұнай өндіретін кәсіпорындардағы жөндеу жұмыстарына байланысты болды. Жөндеу жұмыстары уақытты алды. Құрылғыларды ауыстыру қажеттігі туындады, – дейді ол.
Сатқалиевтің айтуынша, ОПЕК+ шеңберінде мемлекеттер мұнай өндірісін азайтуға келісуі де жоспардың орындалуына кедергі болған.
– Біздің мұнай-газ саласында проблема жоқ. Көлем қарқыны артып, ұңғымаларды қазу жұмыстары да жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Өндірілген мұнайдың 18 млн тоннасы ішкі нарықтың қажетіне жараса, негізгі мөлшер экспортқа кетеді. Оның ішінде 56 млн тонна мұнай Каспий құбыры концорциумы арқылы жөнелтілді, - дейді ол.
Мұнай тасымалы бағдары қалай өзгеріп жатыр
Жалпы 2023 жылы қазақстандық мұнайды Ақтау портынан экспортқа тасымалдау көлемі 3 млн 376 мың тоннаны құрады. Бұл - 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 млн 108 мың тоннаға артық.