×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Базалық ставка: экономикаға әсері. Кредит пен депозит

12.02.2024, 09:02
Базалық ставка: экономикаға әсері. Кредит пен депозит
ulysmedia

Біз базалық ставка туралы көп естіп жатамыз. Ол анадай болды, ол мынадай болды деп айтылады. Кейде түсті дейді, кейде көтеріліп кетіпті дейді. Ал бізге, қарапайым халыққа осының әсері бар ма? Бұл сұраққа сарапшы ulysmedia.kz -тің өтінішімен Айбар Олжаев жауап беріп көрді.

Бір қызығы, тікелей байланысы бар. Базалық ставка еліміздегі кредит пен депозиттердің проценттеріне бірден әсер етеді.Дәл осы кезде, базалық ставка туралы бастамай тұрып, «ақша-несие саясаты» деген фундаменталды ұғымды түсіндіре кетуге тура келеді. Әйтпесе, сіздер үшін қорыту қиын болмақ.

Ақша-несие саясаты

Жалпы, кез-келген елде ақшаға, қаржы ағындарына қатысты шешім қабылдайтын тарапты монетарлы билік дейді. Оған көбіне мемлекеттердің орталық банктері жауап береді. АҚШ-та Федералды резерв жүйесі, Қытайда Халық Банкі, Ресейде Орталық банк, Қазақстанда Ұлттық Банк деген атауға ие. Атаулары түрлі болса да, міндеттері бір – орталық банктер экономикадағы ақша ағынын қадағалайды, инфляцияны бақылауда ұстайды, сонымен бірге қажет жағдайда банкноттар басып шығарып отырады. Осы шаралардың жиынтығы, оларды жүргізу процесі «Ақша-несие саясаты» деп аталады.

Қазақстан жағдайында инфляцияны ауыздықтау мен экономикалық өсім бір-біріне қарама-қайшы жүреді. Мысалы, экономиканы, яғни ішкі жалпы өнімді өсіру қажет дейік. Ішкі жалпы өнім белгілі бір уақыт аралығында өндірілген барлық тауарлар мен жасалған қызметтердің ақысынан құралады. Яғни солардың жиынтығы. Нарықта басы бос ақша, арзан кредиттер болып, кәсіптер ашылып, белсенділік артқан кезде экономика өсе бастайды. Алайда ақшаның нарықта еркін және көп болуынан инфляция, яғни барлық заттар мен қызметтердің қымбаттауы өршиді. Сонда экономика өссе де, осы пайданың барлығын инфляция жеп қояды. Ал инфляциямен күресу үшін нарықтан барлық ақшаны алып қойсақ, экономика өспейді.

Оқи отырыңыз: Қазақстан бюджеті. Біз ақшаны қайдан аламыз?

Осы ретте, инфляциямен күресу үшін Ұлттық Банк базалық ставка құралын пайдаланады. Базалық ставканы теңгенің Қазақстан экономикасындағы құны деп айтсақ болады. Біздегі банктердегі кредит пен депозит сыйақы мөлшерінің қанша болатыны базалық ставкаға тікелей байланысты. Бізде базалық ставканы Ұлттық Банктің Ақша-несие саясаты жөніндегі Комитеті өз отырыстарында бекітіп отырады. Бір жылда осындай сегіз отырыс өтеді.

Демек, базалық ставка ақша-несие саясатының негізгі құралы.

Базалық ставка

Қазір базалық ставка деңгейі 15,25%, ал ауытқу коридоры плюс минус 1 пункт. Бұл нені білдіреді? Демек, еліміздегі екінші деңгейлі банктер Ұлттық Банктен 16,25 пайызбен кредит ала алады. Сонымен бірге, Ұлттық Банкке 14,25 пайызбен депозит сала алады.

Осы базалық ставка арқылы Ұлттық Банк инфляцияны реттеп отырады. 2020 жылы орын алған пандемиядан кейін бүкіл әлем бойынша тауар тасылымы тоқтап қалды да, планета масштабында қымбатшылық күрт артып кетті. Қазақстанда 2021 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 8,4% болып тұрған, ал 2022 жылы ол 20,3 пайызға дейін бірден көтерілді. 2023 жылы базалық ставканы жоғары ұстап тұрдық та, инфляцияны 9,8 пайызға дейін түсіре алдық. Сонда 2022-2023 жылдарды біз үшін инфляциялық шок кезеңі деп айтсақ болады.

Классикалық экномикалық теорияға сай, инфляция тым өршіп тұрғанда орталық банктер базалық ставканы жоғары деңгейде ұстау керек. Біздің Ұлттық Банк те 2022 жылдың соңында ставканы 14 пайыздан бірден 16,75 пайызға көтерді.    

Оқи отырыңыз:  Теңге бағамы. Оны кімдер және қалай анықтайды?

Ұлттық Банк неге базалық ставканы жоғары көтерді? Оның себебі өте қарапайым. Ақша массасы тауарлар мен қызметтен көбірек болса, бірден қымбатшылық басталады. Яғни, ақша тым көп кезде инфляция күшейеді. Нарықтағы осы ақша массасын қаржыгерлер «өтімділік» деп атайды. Ал енді, егер базалық ставка жоғары болса, онда коммерциялық банк депозиттерінің де сыйақысы жоғары қойылады. Мысалы, қазір базалық ставка 15,25% кезінде, банк депозиттері өз клиенттеріне қысқамерзімді салымдарға орта есеппен 15-16% ұсынуда.

© Sputnik / Владислав Воднев

Осы кезде банк депозиттеріне ақшаны салу, жинау өте тиімді болады. Барлық өтімділік осы депозиттерге (және облигацияларға) ауыса бастайды. Сәлден кейін нарықта басы бос ақша азаяды. Соның нәтижесінде, тауарлар мен қызметтердің бағасының өсуі баяулап, инфляция жоспарланған қалыпқа келеді.

Артынан кейін, инфляция сабасына түсіп жатса, орталық банктер базалық ставканы жайлап түсіреді. Ол кредиттің арзандап, экономикалық белсенділіктің қайта жандануы үшін қажет.

Экономика –әрі-бері ырғалатын әткеншек сияқты. Ал оны қажет кезде сырғытып, қажет кезде тежеп тұратын көзге көрінбейтін күш – ақша-несие саясаты. Өз кезегінде, базалық ставка осы саясаттың негізгі құралы болып табылады. 

Авторы: Айбар Олжаев