×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Бұрынғы олигархтар бұрынғыдай ақша сұрайды: ҚДБ «санаулылардың банкі» болып қала бере ме

13.02.2024, 10:50
Бұрынғы олигархтар бұрынғыдай ақша сұрайды: ҚДБ «санаулылардың банкі» болып қала бере ме
Коллаж: ulysmedia.kz.

Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстан даму банкі сыннан қалай сабақ алғанын түсіндіріп көруге тырысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Еске сала кетейік, осыдан екі жыл бұрын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Қазақстан даму банкінің қызметін қайта құруды тапсырған еді. Ол тұста мемлекет басшысы банкті қатаң сынап, оның санаулы адамның жеке банкіне айналғанын айтқан.

Осы мәселе бойынша Ulysmedia тілшісі үкімет мүшелеріне сұрақ қойған. 

–  2022 жылы президент Тоқаев Қазақстан даму банкін қатаң сынап, оның санаулы адамдардың жеке банкіне айналып кеткенін айтқан еді. Екі жыл өтсе де ештеңе өзгермегенін байқаймыз. Мемлекеттің арзан ақшасын сол  баяғы ERG, Огай, Ким, Сейітжанов сияқты бұрынғы бизнесмендер сұрап отыр. Банк бұрынғыдай орысша айтқанда «для изрбанных» болып қала беруінің себебі неде? – деп сұралды министрден.

Бұл сұраққа үкімет басшысының орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байназаров жауап беріп, Қазақстан даму банкінің былтырғы нәтижелерін келтіріп, банк 45 жобаға қолдау көрсеткенін мәлім етті. Оның сомасы 1,2 трлн теңгеден асады. 

– Бұл – Қазақстан даму банкіндегі ең үздік көрсеткіштердің бірі. Сын айтылғаннан кейін (президент тарапынан) тиісті жұмыстар жүргізілді. Банктің қызметі ашық, өздеріңіз оны көріп, біліп отырсыздар. Жобалар, өтінімдер келіп жатыр. Оның бәрін ешкім жасырып отырған жоқ. Сіз айтқандай, әрине, бизнес, жоба болғаннан кейін олар Қазақстан даму банкіне өтініш береді. Оны Қазақстан даму банкі еш тоқтата алмайды. Бәрі ашық. Өтінімдер электронды жүйе арқылы келеді, – дейді ол.

Қазақстан даму банкі негізінен ірі жобаларды қаржыландыру үшін құрылғанын айтады министр. Оның Қазақстанның өнеркәсіпті дамыту қоры деген еншілес ұйымы бар. Сол қор шағын және орта бизнесті қаржыландырумен айналысады. 

– Былтыр қателеспесем, 260-қа жуық шағын және орта бизнес өкілдеріне 500 млрд теңге көлемінде қаражат берілген. Биыл сол жобалардың есебінен біз 24 жобаны іске қосамыз деп отырмыз, – дейді ол.

Байназаровтан Қазақстан даму банкінен ақша сұрап отырғандардың қатарында кеше ғана азаматтық бизнесмен Тимур Турлов та бары, оған да жеңілдікпен қарыз беріле ме деп сұрақ қойылған.

Министр бұл жобаны «Бәйтерек» холдингінде жүрген кезінен білетінін айтты. 

– Бюджеттен ешқандай арзандатылған ақша берілмейді. Бұл таза нарықтық жоба. Несие берілсе, тек нарықтық ставкамен – 18-19 пайызбен беріледі. Менің білуім бойынша, бұл жоба әлі қарастырылып жатыр. Әлі мақұлданған жоқ, – дейді ол.