Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Шешім жаңартылған болжамдар мен инфляция тәуекелдері балансының бағалауын ескере отырып қабылданған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ИНФЛЯЦИЯ
Ұлттық банк Қазақстанда жылдық инфляция қазан айында 8,5%-ға дейін өскенін хабарлады. Бұл «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыру аясында реттелетін қызметтердің айтарлықтай қымбаттауы мен теңгенің әлсіреуі салдарынан орын алуда. Оған қоса инфляцияның орнықты бөлігі де өсуде. Жоғары ішкі сұраныс жағдайында азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен нарықтық қызметтер бағасының өсуі инфляцияның жеделдеуіне ықпал етті. Бюджеттің кіріс бөлігін орындамауға байланысты жалғасып жатқан фискалдық ынталандыру есебінен экономика ішіндегі проинфляциялық қысым сақталуда. Қазан айында халықтың инфляциялық күтулері төмендегенмен, құбылмалы болып қалып отыр.
– Айырбастау бағамының әлсіреуі, инфляцияның өсуіне байланысты нақты мәндегі пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі, сондай-ақ оның алдағы жылдарға болжамдарының артуы аясында жиынтық ақша-кредит шарттары жұмсарды. Қаржы нарықтарында өскен құбылмалылықпен бірге бұл базалық мөлшерлемені көтеруді қажет етті, – деп хабарлады Ұлттық банк.
Қаржы және энергетика нарықтарындағы құбылмалылықты ескере отырып, ҰБ инфляцияны орнықты баяулау траекториясына тезірек қайтарып, 5%-дық таргетке жету үшін жақын арада шешім қабылдау кезінде ақша-кредит саясатын қосымша қатаңдату қажеттілігін бақыламақ.
ДОЛЛАРДЫҢ ҚЫМБАТТАУЫ
28 қарашадағы Қазақстанның айырбастау пункттерінде валюталардың орташа өлшенген бағамы белгілі болды. Доллар 525 теңгеге сатыла бастады. 18 қарашада Қазақстанның айырбастаушыларындағы доллар бағасы 500 теңгеден, ал 26 қарашада 503 теңгеден асқан еді.
Ұлттық банк осыған байланысты интервенция жүргізді.