Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының 18 жасқа толған қатысушыларына 4,2 млн АҚШ долларын аударды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БЖЗҚ ҚАЙ МАҚСАТҚА ҚАНША АУДАРДЫ
Қордың хабарлауынща, 2024 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 2,3 млн-ға жуық АҚШ долларына 22 623 өтініш, білім беру ақысын төлеу үшін 1,9 млн-нан астам АҚШ долларына 19 176 өтініш орындалды. Естеріңізге сала кетейік, нысаналы жинақтарды алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін пайдалануға құқылы, қаржының пайдаланылмаған қалдығы нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) қалады.
Тұрғын үйді жақсартуға арналған қаражатты пайдаланудың ең танымал қосалқы мақсаттары: одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинақтарындағы салымды толықтыру (2,2 млн-нан астам АҚШ долларына 21 979 өтініш орындалды), азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) – шамамен 21,6 мың АҚШ долларына 215 өтініш, тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізу - шамамен 17,7 мың АҚШ долларына 176 өтініш.
Білім беру ақысын төлеу шеңберіндегі ең танымал қосалқы мақсаттары: Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде бір мезгілде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (1,6 млн-ға жуық АҚШ долларына 15 885 өтініш орындалды), білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім беру жинақтау салымын толықтыру (248,6 мыңға жуық АҚШ долларына 2 477 өтініш орындалды), шетелдік білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде біржолғы (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (70,4 мыңнан астам АҚШ долларына 702 өтініш орындалды) төлем жасау.
ШОТТАҒЫ АҚШАНЫ ҚАЛАЙ КӨРІП ОТЫРУҒА БОЛАДЫ
Жылдың басында Ұлттық қордан әр балаға қанша ақша түскенін kids.enpf.kz сілтемесінен қалай білуге болатынын көрсетілген еді. Алдымен kids.enpf.kz сілтемесіне кіру керек. “Ұлттық қор - балаларға” деген БЖЗҚ-ның порталы ашылады. Соның төменгі жағында ЖСН деген ұяшық тұр. Соған балаңыздың жеке сандық нөмірін енгізесіз. ЖСН енгізсеңіз, қанша ақша түскенін байқауға болады.
Әзірге әр балаға 100 АҚШ долларынан (44800 теңге) түсті. Түскен түпкі соманы балаңыз 18 жасқа толғаннан кейін ғана ала аласыз.