×
$
446.56
512.34
5.3
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
446.56
512.34
5.3

Қайырымдылық пен спорттың ұштасуы: UNICEF Charity Run 2 мың адамның басын қосты

Бүгін, 18:30
Қайырымдылық пен спорттың ұштасуы: UNICEF Charity Run 2 мың адамның басын қосты

Астанада Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (UNICEF) ұйымдастырған UNICEF Charity Run 2026 қайырымдылық марафоны  2 мыңға жуық адамның басын қосты. Бұған дейін Дубай, Париж, Лондон, Нью-Йорк және Гонконг секілді әлемнің ірі қалаларында ұйымдастырылған дәстүрлі шара биыл Астанада жалғасын тапты.

Ботаникалық бақта өткен жүгіру жарысына қатысушылар 2, 5 және 10 шақырымдық қашықтықтарды бағындырды. Балаларды қолдау және инклюзия мәселелерін назарға алған марафонға Ulysmedia тілшісі де қатысып қайтты.

БАСТЫ МАҚСАТ – БАЛАЛАРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ

Марафонға қатысушылардың қатарында 11 жастағы Халид те бар. Ол мүгедектер арбасын пайдаланады. Соған қарамастан талапты бала шараға екінші мәрте қатысып отыр.

«Өзімді жарыста жүргендей сезінемін, адреналин болады. Адам көп, бәрі қызық. Менің арманым – каратеден әлем чемпионы болу», – дейді Халид.

Жас қатысушы 2 шақырым қашықтыққа жүгіруге ниетті екенін жеткізді.

2016 жылдан бері жүгіру жарыстарына тұрақты қатысатын және жылына шамамен он марафонда бой көрсететін Дінмұхамед Әлиакпаров та бүгінгі шарадан тыс қалмаған. Ол UNICEF Charity Run марафоны алғаш рет Қазақстанда ұйымдастырылғанына қуанышты.

«UNICEF Charity Run Қазақстанда бірінші рет өтті. Керемет ұйымдастырылған. Ең бастысы – балаларға қолдау көрсету және инклюзия мәселесін көтеру», – дейді қатысушы.

53-МАРАФОНЫНА ҚАТЫСҚАН ВОЛОНТЕР

Марафонға қатысушылар арасында 66 жастағы Мұрат Қарымсақов та бар. Ол бұл жарысқа қатысу арқылы балаларға пайдасы тиетін игі істің бір бөлшегі болуды көздегенін айтады.

«Бұл – бір жағынан жүгіру, екінші жағынан қайырымдылық. Біз қаражат аударамыз, ал олар балаларға көмектеседі. Маған керегі де – осы. Өзім үш жылдан бері марафондарға қатысамын. Жазғы уақытта жүгіреміз, ал қыс мезгілінде шаңғымен жүреміз. Бүгінгі марафон – менің 53-марафоным», – дейді Мұрат ағамыз.

Зейнет жасында болса да белсенді өмір салтын ұстанатын Мұрат Қарымсақов волонтерлік қызметпен де айналысады. Ол әлеуметтік көмек көрсетуге және із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеуге қатысатынын айтты.

«Жетім балаларға, көпбалалы отбасыларға көмектесеміз. Су тасқыны кезінде Павлодарға гуманитарлық көмек жібердік. Сонымен қатар балалар мен қарт адамдар жоғалған кезде оларды іздеуге қатысамыз», – дейді ол.

Мұрат ағамыздың айтуынша, жоғалған адамдар туралы ақпарат әкімдік арқылы волонтерлерге жеткізіледі.

«Адам жоғалғаны туралы хабар әкімдікке келеді. Әкімдік бізге хабарласады. Мысалы, бір бала мектепке кеткен, бірақ үйіне қайтпаған. Содан кейін біз іздеуге шығамыз. Егде жастағы адамдардың арасында денсаулығына байланысты қиындықтарға тап болатындар бар. Кейбірі есімін немесе қайда тұратынын айта алмай қалады. Біз оларды табуға көмектесеміз», – дейді волонтер.

ТАРИХИ БАСТАМА

Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалар қорының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Рашед Мұстафа Сарвар Астанадағы марафонды тарихи бастама деп бағалады.

«Бұл – тарихи бастама, өте сәтті өтті. Қараңызшы, қаншама адам қатысып жатыр. Олардың арасында мүгедектігі бар азаматтар және әртүрлі жастағы балалар бар. Сондықтан бұл іс-шара өте жақсы өтті деп ойлаймын. Келесі жылы оны одан да ауқымды етіп өткіземіз», – деді ол.

ЮНИСЕФ өкілінің сөзінше, марафонның мақсаты тек жүгірумен шектелмейді. Іс-шара инклюзия мәселесіне қоғам назарын аударуға бағытталған.

«Бұл тек жүгіру ғана емес, өте маңызды тақырыпқа арналған жүгіру. Бұл – инклюзивтілік. Біз мүгедектігі бар балалардың және әрбір баланың қоғамда, көшеде, саябақта, мектепте басқалармен бірге болуға мүмкіндігі болғанын қалаймыз. Олар толыққанды өмір сүріп, одан ләззат алуы керек. Бұл – әрбір баланың құқығы», – деді Рашед Мұстафа Сарвар.

МАРАФОННАН ЖИНАЛҒАН ҚАРАЖАТ ҚАЙДА БАҒЫТТАЛАДЫ?

ЮНИСЕФ өкілі келесі жылы Қазақстанда атқарылатын жұмыстардың қатарында инклюзия бағыты маңызды орын алатынын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда UNICEF 30 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Ұйым балаларды қолдауға бағытталған түрлі жобаларды жүзеге асырады.

«Бүгінгі марафонда жиналған қаражат мүгедектігі бар балалардың өмірін жақсартуға және қоғамды инклюзивті етуге бағытталатын болады», – деді ол.

Рашед Мұстафа Сарвардың дерегінше, Қазақстанда мүгедектігі бар 120 мыңнан астам бала бар. Олардың қоғам назарында болуы маңызды.

«Біз мұндай балаларды жиі көре бермейміз. Оларды көбірек көруіміз керек, жиірек көрсетуіміз керек. Өйткені олар көшеде еркін жүруге, басқа балалар сияқты бейғам өмір сүруге құқылы. Бұл – біздің және үкіметтің негізгі міндеті», – деді UNICEF өкілі.

ҚАШЫҚТЫҚ ӘРТҮРЛІ БОЛҒАНЫМЕН, МАҚСАТ ОРТАҚ

Марафонды ұйымдастырушылардың бірі Ерік Ілиясов бұл марафон Лондон, Нью-Йорк, Гонконг, Дубай секілді қалаларда өтетін жүгіру жарыстарының жалғасы екенін атап өтті. Оның айтуынша, балаларға арналған бағдарламаларға қоғам назарын аударуда мұндай шаралардың маңызы зор.

 «Бүгін Астана қаласында БҰҰ Балалар қорының, яғни ЮНИСЕФ-тің марафоны өтіп жатыр. Бұл – Лондон, Нью-Йорк, Гонконг, Дубай секілді қалаларда өтетін жүгіру жарыстарының жалғасы. Астанада бұл шара алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Біздің мақсатымыз – балалар бағдарламаларына, балаларды қолдау жобаларына қоғамның назарын аудару, сондай-ақ инклюзивті бағдарламаларға қаражат жинау», – деді Ерік Ілиясов.

Астанада өткен UNICEF Charity Run 2026 марафоны –  спорт пен қайырымдылықты ұштастырып, балалардың құқықтары мен инклюзия мәселесін қоғамдық назарға шығарған бірегей шара болды. Қатысушылардың әрқайсысы өз қашықтығын бағындырғанымен, жарыстың ортақ мақсаты – балаларға қолдау көрсету және қоғамда баршаға қолайлы орта қалыптастыруға үлес қосу.