×
522.49
547.88
5.06
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
522.49
547.88
5.06

Бюджетке ақша жетпей жатыр: Үкімет 400 млрд теңге шығынды қайта бөледі

17.12.2024, 18:00
Бюджетке ақша жетпей жатыр: Үкімет 400 млрд теңге шығынды қайта бөледі
Ulysmedia коллажы

Үкімет бюджетке қаражат жетпей жатқандықтан, 400 млрд теңге қаражатты қайта бөліп, "енді қаражатты тиімді жұмсаймыз" деп отыр, деп жазады Ulysmedia.kz.

Жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024-2026 жылдарға арналған бюджет туралы заңға (түзетулерге) қол қойған болатын. Қаржы жағынан қорытынды бойынша қаржы вице-министрі Ержан Біржанов бүгін баяндама жасап, мемлекеттік бюджетке трансферттерді есептемегенде 19 трлн теңге түскенін, яғни жоспарды орындауға 2 трлн теңге жетпей қалғанын хабарлаған еді. Бюджетке ақша жетпей жатқандықтан, үкімет нақты қандай шығындарды қысқартады? Ulysmedia.kz тілшісі бұл сұрақты бүгін үкімет мүшелеріне қойды.

БІРЖАНОВТЫҢ ЖАУАБЫ

– 2 трлн теңге қосымша ақшаны Ұлттық қордан алған болатынбыз. Бірақ бұл қаражатпен шығындарды қысқартып жатқан жоқпыз. Жылдың аяғы ғой. Біз алған міндеттемелерді орындау үшін өңірлерге қаражатты бағыттаймыз. Бізде зейнетақы, жәрдемақы – бәрін төлеу үшін өңірлерге сол қаражатты жібереміз. Яғни, өңірлердегі субвенциялар саналады, – деді Ержан Біржанов.

БАЙБАЗАРОВ НЕ ДЕЙДІ

Вице-премьер әрі ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров бюджеттің нақты қандай бағыттары бойынша шығындар қысқарып жатқанын айтып берді. Сөзінше, 400 млрд теңге қаражатты экономиканы ынталандыруға жұмсалады. Оның бәрі үкімет тиімсіз деп таныған шығындардан келген ақша. 

– Әртүрлі шараларды өткізу біздіңше соншалықты қажет емес. Шығындарды біз қайтадан бағыттадық. Жалпы шығындарды қысқарту жүргізілген жоқ. Себебі бюджет болғандықтан, әлеуметтік салада, қорғаныста міндеттемелер бар. 

Биылғы жоспарымыз – бюджетті жоспарлау кезінде контрциклдық бағыт бойынша шығындарды өсу қарқынын 2022 жылы 20 пайыздан асса, қазір 8 пайызға дейін азайттық. Бюджеттік қағидалар жұмыс істеп жатыр. Бюджеттік шығындарды біз экономиканың өсуімен ғана байланыстырып, көтермей инфляцияны ұстап отырмыз, – дейді ол.

Үкіметте бүгін кабмин мүшелері қаржы түсімін, бюджет шығынын есептеп, жылдың 11 айын қорытындылады.